Цифрлық технологиялардың дамуы көптеген қызметті жеңілдеткенімен, интернет алаяқтарының әрекеті де күн сайын күрделене түсуде. Олар түрлі айла-тәсілдерді қолданып, азаматтардың жеке деректері мен қаражатын заңсыз иемденуге тырысады. Сондықтан интернет кеңістігінде сақтық таныту – әр адамның жеке жауапкершілігі. Көп жағдайда алаяқтар өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, құпия мәліметтерді алуға әрекет етеді. Кейде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған сілтемелер жіберіп, азаматтарды күмәнді сайттарға кіргізеді. Осындай әрекеттерге алданып қалмау үшін белгісіз адамдардың хабарламаларына сенбеу және жеке ақпаратты ешкімге жарияламау қажет.
Соңғы уақытта жалған инвестициялық жобалар мен қаржы пирамидалары да кеңінен таралып келеді. Қысқа уақытта мол табыс табуды уәде ететін ұсыныстардың басым бөлігі – алаяқтықтың белгісі. Сондықтан кез келген қаржылық шешімді қабылдамас бұрын оның заңдылығы мен сенімділігін мұқият тексерген жөн. Құқық қорғау органдары интернет алаяқтықтың алдын алу бағытында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Дегенмен жеке қаражатты қорғаудың ең тиімді жолы – цифрлық сауаттылық пен сақтық.
Интернет мүмкіндігін дұрыс пайдалану – заман талабы. Қырағылық танытып, күмәнді ұсыныстардан бас тартқан әрбір азамат өз қаржысын ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігіне үлес қосады. Цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Құралбек СӘБИТОВ

