Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығына сәйкес Шамалған ауылдық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Кітаппен – келешекке!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Аталған игілікті іс-шараға Қарасай ауданындағы мәдениет өкілдері, кітапхана қызметкерлері, оқу-ағарту саласындағы ұстаздар қауымы мен ардагерлер, жастар, ауыл тұрғындары қатысты. Салтанатты жағдайдағы осынау іс-шараны аталған «Атамекен» орталығының директоры Шәрбану Қалиева кіріспе сөзбен ашып, оқитын, зерделі ұлт қалыптастарудың мәні мен маңызы жайынан жиналған жұртшылықты жан-жақты хабардар етті. Бұдан кейін сөз алған Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұргүл Шаяхметова:
– Ауылдық ардагерлер ұйымының жақсы іске жанашырлықпен қарап, бастамашы болып отырғанын мен де қуана құптаймын. «Зерделі ұлт» аясы ауқымындағы жобаның іске асырылып жатқандығы ұлттық руханиятымызды дамытудың нақты дәлелі бола алады. Бұл бастаманың біздің еліміздің тізгінін ұстар жас ұрпағымызға берері көп. Сондықтан да онда қойылған міндеттер мен талаптарды мүлтіксіз түрде жүзеге асырған абзал. Сонда ғана оның нақты нәтиже беретініне сенімім мол, – деп тағылымды ойын ортаға салды. Келесі кезекте Шамалған ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Қанат Қатубаев оқу мәдениеті төңірегіндегі өзінің ой-пікірі мен ұсыныстарын жеткізді. «Елімізде зерделі ұлт қалыптастыру мен кітап оқытуды дамыту ісі айтар ауызға оңай болғанымен, оны тиянақты түрде іс жүзіне асырып, нәрлі нәтижесін көру оңай шаруа емес. Ол үшін бізге, бәрімізге бұл ортақ міндет екенін терең сезініп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек. Мектептегі және мектептен тыс жүрген жастарымыздың әдеби кітаптарды оқуға деген құштарлығын оятып, кітапханалардың тұрақты оқырманына айналса, біздің мақсатымыздың абыроймен орындалғаны деп білемін. Сондықтан да осы жағынан жан-тәнімізбен атсалысайық, ағайын», – деді ол.
Дөңгелек үстелде танымал жазушылардың халыққа кеңінен таралып кеткен шығармалары таразы талқысына түсіп, кеңінен сараптамаға салынды. Бұл орайда Қарасай аудандық кітапханасының кітапханашысы Ақырыс Елубаева арнайы дайындалған бейнекөрініс арқылы өзінің сөзін сабақтады. Ол белгілі жазушылар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», Смағұл Елубаевтың «Ақбоз үй», Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді», Дулат Исабековтің «Қарғын» шығармаларына айрықша тоқталып, аталған кітаптардың мәні мен мазмұнына, идеялық түп-тамырына, тәлім-тәрбие берер тағылымдарына жеріне жеткізе талдау жасады.
Басқосуда аудан, ауыл мектептерінен келген кітапханашылар асқан белсенділік танытты. Олар аталған авторлардың шығармаларына өз тараптарынан талдау жасап, жаңаша қырынан қарап, олардың көркемдік әрі көтерген жүгіне ерекше тоқталып, тілі мен стиліне де тиісті бағаларын берді. Атап айтқанда, Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының кітапханашысы Райхан Жапарова Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына қатысты берген түсініктемесінде ақыл-ойының даралығымен тыңдаушыларды тәнті етті. Сол сияқты Ә.Бұқарбайқызы атындағы орта мектептің кітапханашысы Гүлбану Әбдікерімова Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Дулат Исабековтің «Қарғын» романы жайлы тереңнен ой қозғап, бұл шығарманың алар орнының айрықша екенін ерекше толғаныспен тіліне тиек етті. Оның әділдік тұрғысынан айтқан боямасы жоқ бағасына риза болмаған адам жоқ шығар?! Оған жұртшылық қошеметпен қол соғып, қолдағандарын көрсетті. Бұл кітапханашы Мұхтар Әуезовтің «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – кітап. Білімге бастар жолдың бірі – кітап» деген сөздерін өзінің шынайы білгірлігімен дәлелдеп берді. Ал Шамалған ауылдық кітапханасының кітапханашысы Жайна Арыстанбекованың жазушы Смағұл Елубайдың «Ақбоз үй» романының желісі бойынша айтқан әңгімесі де әсерлі шықты. Сонау 30-жылдардың ауқымындағы ашаршылықты суреттеген бұл шығарманы кім болса да тебіренбей, толқуға берілмей оқымайтынын айтты. Оған шығармадағы ақиқат шеңберінде өрнектелген өмір суреттері таза куә боларлық. Ең бастысы, қатпарлы қалың романдағы адам төзгісіз оқиғалар тізбегі оқырманның есінде мәңгі қалатынын жан жүрегімен жеткізді. Сондай-ақ «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының кітапханашысы Аида Жамбылқызы кітапхана жай-жапсарынан қатынасушыларды жан-жақты хабардар етті. Өте маңызды мағлұматтарды саналарына сіңірді. Осы жерде Қарасай батыр атындағы орта мектептің кітапханашысы Гүлзира Базарбаеваның жазушы-драматург Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы барысында білдірген ой-пікірі де көптің көңіліне қонымды болды. М.Әуезов атындағы орта мектептің кітапханашысы Гүлзира Үсенбекова Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы туралы сабақтаған сөзі де қатысушыларды қайран қалдырды.
Тақырып аясында «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бас қор сақтаушысы Бұлбұл Нұрбекова, ауыл ақсақалы, сексеннің сеңгіріндегі Есіркеп Шәдібеков пен көпті көрген көнекөз қария Нұржан Мүсірәлі халық арасында кітап оқытуды дамыту бойынша кездесіп отырған проблемаларды және оны қалай дұрыс жолға қоюдың тиімді жолдарын көрсетіп берді. Әсіресе, отырыс барысында айтылған мектеп кітапханашыларының бүгінде қор тапшылығы жайында айтқан өтініштері де ескерусіз қалмады. Бұл жағын дөңгелек үстелге қатысушылар орнықты түрде әңгіме етіп, мәселені тиісті орындарға жеткізуге түйінді тұжырым жасады. Сөйтіп, «Зерделі ұлт» жобасы аясындағы «Кітаппен – келешекке!» атты дөңгелек үстелді Шамалған ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Қанат Қатубаев қорытындылап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жиын соңынан көпшілік қауым «Атамекен» тарихи-мәдени орталық кітапханасының жай-күйімен танысты.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы
Қарасай ауданы

