«Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру бағытында Қарасай ауданының прокуратурасы ауқымды жұмыстар атқаруда. Ұжымды аудан прокуроры Аңсаған Жеткергенұлы басқарады. Ауданда ең алдымен, ақпараттық-түсіндіру және құқықтық кеңес беру іс-шараларына басымдық берілуде. Олар түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар түрінде ұйымдастырылады.
Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Құқықтық дәріхана» акциясы да бұл бағыттағы маңызды жобалардың біріне айналды. Акцияға прокуратура қызметкерлерімен қатар мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысуда.
Акцияның негізгі мақсаттары – азаматтарға тегін, қолжетімді әрі білікті құқықтық көмек көрсету, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту. Акция барысында түрлі мемлекеттік органдардың мамандары тұрғындарға құқықтық кеңестер беріп, олардың сұрақтарына жауап берді.
Акцияға қатысушылардың бірі – Райымбек ауылдық округі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қыдырбай Әбдіразақов. Оның пікірінше, мұндай құқықтық сипаттағы іс-шаралар өз құқықтарын толық білмейтін, құқықтық білім деңгейі жеткіліксіз қарапайым азаматтар үшін өте қажет. Олар көптеген мәселелердің оң шешімін табуға ықпал етеді.
«Құқықтық дәріхана» ашық диалог орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Ол тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін арттыруға және мемлекеттік органдарға деген сенімді нығайтуға өз үлесін қосты.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

