Перейти к содержимому
Главная страница » Қырағылық – алаяқтықтан қорғайды

Қырағылық – алаяқтықтан қорғайды

Цифрлық технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Онлайн сауда жасау, банк қызметтерін пайдалану, ақша аудару – барлығы бірнеше батырманы басу арқылы жүзеге асады. Алайда технологиялық мүмкіндіктердің кеңеюімен бірге интернеттегі алаяқтық қаупі де артып келеді.

Алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Жалған хабарламалар, күмәнді сілтемелер, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желідегі жалған аккаунттар арқылы адамдардың сеніміне кіруге тырысады. Кей жағдайда олар өздерін банк қызметкері, полиция өкілі немесе басқа ұйымның маманы ретінде таныстырады.

Сондықтан бейтаныс адамдардың қоңырауына немесе хабарламасына сақтықпен қарау қажет. Банк картасының деректері, құпия кодтар, SMS арқылы келген растау кодтары ешкімге айтылмауы тиіс.

Қаржылық пирамидалар да азаматтардың қаржылық сауаттылығының төмендігін пайдалануы мүмкін. «Аз уақытта көп табыс табасыз», «кепілдендірілген жоғары пайда» деген уәделер күмән тудырса, ұсынысты мұқият тексерген жөн.

Интернеттегі қауіптен қорғанудың басты жолы – ақпаратты тексеру және асығыс шешім қабылдамау. Қандай да бір қаржылық операция алдында ұйымның заңдылығына көз жеткізіп, ресми дереккөздер арқылы ақпарат алған дұрыс.

Цифрлық әлемде қауіпсіздік – ең алдымен адамның өз қырағылығынан басталады. Бір сәттік асығыстықтың орны толмас қаржылық шығынға әкелуі мүмкін екенін әр азамат есте ұстағаны жөн.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ