«Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуына Ұйғыр ауданының мәдениет қызметкерлері де өз үлестерін барынша қосып келеді. Бұл жолы аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері өз бастамаларымен аудан орталығы Шонжы ауылының кіреберіс аумағын тазалауды қолға алды.
Мәдениет тазалықтан басталатынын жақсы түсінетін сала мамандары айналаны ретке келтіруге ерекше мән берді. Шонжыға кіре берістегі жол бойында өскен арам шөптер жұлынып, тікенді өсімдіктер шабылды. Біраз уаұыттан бері қараусыз қалған аумақ тазартылып, көзге жағымды қалыпқа келтірілді.
Қызметкерлер жұмысты бірлесе атқарып, әрқайсысы өз үлесін қосты. Осындай қарапайым еңбектің өзі ауылдың көркіне оң әсер ететіні анық байқалды. Кіреберістің тазарып, ретке келуі – ауылға келген әр адамға да жақсы әсер қалдыратыны сөзсіз.
Аудандық мәдениет үйінің директоры Салтанат Ермұхаметованың айтуынша, мұндай бастамалар тек тазалық үшін ғана емес, тұрғындарға үлгі болу үшін де маңызды. «Біз мәдениет саласында жұмыс істеген соң, ең алдымен өзімізден бастауымыз керек деп ойлаймын. Тазалық – мәдениеттің айнасы. Ауылымыздың кіреберісі әрдайым таза әрі жинақы болса, бұл туған жерімізге, елімізге деген құрметіміздің белгісі. Осындай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырамыз деген ниеттеміз», – деп өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар тазалықты өзіміз ғана жасап қоймай, үйдегі баламызды да сол мәдениетті санасына сіңіруге жұмыс істеуіміз қажеттігін айтты Салтанат Ешмұханбетқызы. Өйткені бұл жер – болашақ ұрпаққа аманат болады. Олар бүгіннен туған жерін құрметтеп, сыйлап, көркейте білгенде ғана саналы, мәдениетті ұрпақ өседі деп сенеді Салтанат апайымыз.
Мәдениет қызметкерлері үшін бұл жай ғана сенбілік емес. Бұл – өз ортасына деген жанашырлық пен жауапкершіліктің көрінісі. Олар тазалықты сақтаудың маңызын өз ісімен көрсетіп отыр.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы

