Перейти к содержимому
Главная страница » Немқұрайлыққа жол жоқ!

Немқұрайлыққа жол жоқ!

Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың заңға деген құрметінен, қоғамдық тәртіпке жауапкершілікпен қарауынан басталатын ортақ іс. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың тиімділігі де мемлекет пен қоғамның өзара ынтымақтастығына байланысты. Көптеген құқық бұзушылықтар қарапайым немқұрайлылықтың салдарынан орын алады. Сондықтан тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және құқықтық мәдениетті қалыптастыру профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі болып саналады. Заңды білетін азамат өз құқығын қорғай алады әрі өзгенің құқығын бұзуға жол бермейді.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары тұрғындармен кездесулер өткізіп, түрлі ақпараттық акциялар ұйымдастыру арқылы құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлуде. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтық санасын қалыптастырып қана қоймай, қоғамдағы өзара сенімді нығайтуға да ықпал етеді. Қауіпсіз қоғам қалыптастыруда жастар тәрбиесіне басымдық беру маңызды. Жас ұрпаққа адалдықты, жауапкершілікті және заңға құрметпен қарауды ерте жастан үйрету – құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі. Саналы ұрпақ – тұрақты қоғамның берік тірегі.
Әрбір азамат қоғамдық тәртіпті сақтап, заң талаптарын бұлжытпай орындауға ұмтылған кезде ғана қауіпсіз орта қалыптасады. Құқық бұзушылықтың алдын алу – бір мекеменің емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Заң үстемдік құрған елде ғана тұрақтылық, тыныштық және әділдік салтанат құрады.

Құралбек СӘБИТОВ