
Отан алдындағы борышты өтеу – әр азаматтың парызы. Бірақ сол парызына салғырт қарап, әскерге барудан қашып, жауапкершілікті сезінгісі келмейтін жастардың саны артпаса азаймай отыр, өкінішке орай. Елге қорған, жерге қалқан болады деп сенген ер-азаматтарымыздың ез болып бара жатқанына өкініштен өзегің өртенеді. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Әскерге өз еркімен барып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келетін азаматтарымыз да жоқ емес. Десе де әскери міндетінің маңыздылығын сезінбеген жастардың кесірінен әскерге шақыру науқанында тиісті органдар атша шабылып, жан-жақтан ер-азаматтарды іздеп жататыны шындық. Осы түйінді мәселеге орай Ұйғыр ауданы әкмінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлының төрағалығымен әскерге шақыру науқанына дайындық жұмыстары пысықталған кеңес отырысы өтті.
Жиынға ауылдық округ әкімдері, аудандық аурухана, аудандық қорғаныс бөлімінің қызметкерлері қатысты. Олардың алдағы әскерге шақыру науқаны барысында бірлікте жұмыс істеуі үшін жұмыстар жайы жоспарланды әрі нақты міндеттер жүктелді. Әскерге шақыру науқанын заң мен тәртіпті қатаң сақтай отырып өткізу, шақырылушылардың медициналық тексеруден сапалы өтуін қамтамасыз ету және жауапты мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, жастар мен ата-аналар арасында әскери қызметтің маңыздылығы мен Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің мәні жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Өйткені басты мақсат – әскерге шақыру науқанын сапалы ұйымдастырып, белгіленген жоспардың уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз ету. Сондықтан да кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жүктелген міндеттерді сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау тапсырылды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

