Отбасындағы сыйластық пен өзара түсіністік – қоғам тұрақтылығының басты негіздерінің бірі. Берекелі шаңырақта өскен ұрпақ заңды құрметтеп, айналасына жанашырлықпен қарайды. Ал отбасындағы жанжал мен зорлық-зомбылық жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына кері әсер етеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол беруге болмайды. Күш қолдану, психологиялық қысым көрсету, қорқыту немесе адамның құқығын шектеу – заң алдында жауапкершілікке әкелетін әрекеттер. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу әр азаматтың ортақ міндеті саналады. Құқық қорғау органдары тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтық кеңестер беріліп, отбасылық жанжалдардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Негізгі мақсат – қауіптің салдарымен емес, оның туындау себептерімен күресу.
Отбасындағы мәселелерді сабырмен шешу, өзара құрмет пен түсіністік таныту көптеген келеңсіздіктің алдын алады. Қиын жағдайға тап болған азаматтар заң аясында көмек сұраудан тартынбауы керек. Отбасының амандығы – қоғамның тыныштығы. Әрбір шаңырақта сыйластық пен сенім салтанат құрған жағдайда ғана қауіпсіз әрі берекелі қоғам қалыптасады.
Құралбек СӘБИТОВ

