Перейти к содержимому
Главная страница » Өзен жағалауы тазартылды

Өзен жағалауы тазартылды

Тиірмен ауылында «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл жолғы шарада негізгі көңіл өзен жағалауы мен ауылдың сырт аумағын тазалауға бөлінді.

Игі іске ауылдың 40-қа жуық тұрғыны белсене қатысты. Олар бірігіп, өзен бойында жиналып қалған тұрмыстық қалдықтарды жинап, айналаны ретке келтірді. Сонымен қатар ауыл сыртына шығарылған қоқыстар да назардан тыс қалмай, арнайы орындарға шығарылды. Нәтижесінде 1 тоннадан астам қоқыс жиналып, аумақ айтарлықтай тазарып қалды.

Тұрғындардың айтуынша, өзен жағалауы бұрыннан бері демалыс орны болғанымен, соңғы уақытта қоқыс көбейіп кеткен. Осы акция барысында сол мәселе қолға алынып, жағалау біршама тазарды. Ауыл сыртындағы бей-берекет төгілген қалдықтардың жиналуы да қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға оң әсер етті.

Мұндай жұмыстар бір реттік шара болып қалмай, күнделікті дағдыға айналса деген тілектер де айтылды. Өйткені тазалық тек сенбілікпен ғана емес, әр адамның өзінен басталады. Әсіресе өзен жағалауы сияқты ортақ орындарды таза ұстау – бәрімізге ортақ жауапкершілік.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай жұмыстар жалғасатынын айтып, тұрғындарды бейжай қалмауға шақырды. Бірігіп жасалған іс қашанда нәтижелі болатыны бұл жолы тағы бір дәлелденді.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ