Перейти к содержимому
Главная страница » Су айдындарындағы рейд

Су айдындарындағы рейд

Еңбекшіқазақ ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан аумағындағы шомылуға рұқсат етілмеген су айдындарына рейдтік-профилактикалық жұмыс жүргізді. Аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жазатайым оқиғалардың алдын алуға бақытталған іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілді.

Рейд барысында мамандар азаматтарға судағы қауіпсіздік талаптарын кеңінен түсіндіріп, рұқсат етілмеген орындарда шомылудың адам өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіретінін ескертті. Сонымен қатар тұрғындарға арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, суда демалу кезінде сақталуы тиіс негізгі қауіпсіздік қағидалары түсіндірілді.

Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жабдықталмаған су айдындарында су түбінің зерттелмегенін, тереңдігі белгісіз екенін және ағыс, шұңқырлар мен басқа да табиғи қауіптердің болуы мүмкін екенін атап өтті. Осындай орындарда шомылу қайғылы жағдайларға әкелуі ықтимал екені ескертіліп, әсіресе, балаларды қараусыз қалдырмаудың және олардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлудің маңызы айтылды.

Рейд нәтижесінде рұқсат етілмеген орындарда суға түскен азаматтар анықталып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы әкімшілік заңнамасына сәйкес оларға әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті айыппұлдар салынды. Мамандар мұндай шаралардың басты мақсаты азаматтарды жазалау емес, олардың өмірі мен денсаулығын сақтап, қайғылы оқиғалардың алдын алу екенін атап өтті.

Еңбекшіқазақ ауданы төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарды тек арнайы жабдықталған және шомылуға рұқсат етілген жағажайларда ғана демалуға, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және су айдындарында өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Әрбір азаматтың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауы адам өмірін сақтап қалудың маңызды кепілі. Сондықтан тұрғындарды су айдындарында сақтық шараларын ескеріп, балаларды үнемі бақылауда ұстап, қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыруға шақырамыз.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ