Перейти к содержимому

Таңғажайып сәуле

13 қаралым

Баян Болатхановамен сырттай таныс едім. Осы көктемде бір жиында кездесіп қалғанымызда Баян сіңлім ілтипат білдіріп, мұқабасы жап-жасыл «Менің жасыл әлемім» атты балаларға арналған шығармалар жинағын сыйға тартты. Сол жолы оқып шығып, ойымды жазамын деп мен де шын ниетімді білдірдім. Үйге келе сала, «Дарабоз» сыйлығын алған «Бибіажар мен Бойтұмар» атты хикаятын бас алмай оқып шықтым. Кітап көрмегендіктен емес, Баян қалай жазады екен деп ойладым. Осы бір өзім аз танысам да, көп әйелге ұқсамайтын, мойылдай көздері алдамайтын, өмірдің бағасын білетін жан ғой деп жүретін адамды шығармаларынан тануға асыққанмын. Бибіажар мен Бойтұмардың құрылымдық «қитұрқылары», кісі сөйлету тәсілдері, қазақы өмірдің белгілі бір кезеңдік сипаты, шығармадағы пейзаж, илану, аңдау, ширығу, төзу-төзбеу психологиясын кіріктірудегі автор табиғатымен тамырласқан шеберлік шыңдаған өзіндік өзгешелік бейжай қалдырған жоқ.

Қолға тиген жинақта түрлі-түсті суретті безендіру, жекелеген фотосуреттер, әңгіме тақырыптарында балалар кітабының классикалық үрдістерін еске түсіргендей бір тартымдылық бар. Мысалы, мұндағы «Бөкеннің бастан кешкендері» атты көркем хикаят жеке әңгімелерден тұрады. Ә дегенде «көк майса балалық» тіркесі ұнап кетті. Үш-төрт жасар сәбидің ортада қалыптасқан сезім-түйсігі, әрекет дағдысы – автордың жарқын сағынышы. «Менің жасыл әлемім» атты әңгімедегі малды ауылдың бағзы замандардан жасап келе жатқан тұрмыстық әрекеті, атрибуттары жүрек жылытады. Ойын баласының атасы мен апасы тау етегіндегі ауылдан көк шыбықпен шапқылап ойнап жүрген көк майса балалықтың бір күнінде әкеліп берген жасыл велосипед пен жасыл тәпішкесі – алаңсыз балалық шақтың жап-жасыл дүние аясында нұрланған, қайтып келмес бақыты! Нәрестелер, ғалымдардың айтуынша, дүниеге данышпан болып келіп, біртіндеп ол қабілетінен айырылатын көрінеді. Бала жаратылысы да тым идеализацияланып, жасандылықпен сықиып тұратын идеологиялық ықпал тұсаулап тастаған қазақ балалар әдебиетінің кенде қалған өмірлік негіздерін көркемдік кеңістікке шығарудың жауапкершілігінде Баян Болатханова төрт аяғы тең жорға шығарма жазудың ауыр машақатынан қашпайды. Көз көрген өмірді сәби кеудесін жылытқан қызуын қайтармай жазуға пейілді.
«Қарақиядағы көкпар» атты әңгімеде де бала күндердің жарығын, таусылмас шаттығын тоймай баяндайды. Тойға фотоға түсіретін ағаның келуінің өзі бір сенсация. Әңгіменің бала кейіпкері – сол тойда түскен сурет, сірә, «Менің жасыл әлемім» кітабының мұқабасындағы тостағандай көздері жарқырап, алаңсыз дүниеге таң-тамаша қарап тұра қалған кішкентай қыз шығар, бәлкім?! «Атамның жанында, қазақ үйдің жанында қара болып, қалқиып тұрып мен де суретке түстім. Одан басқа велосипедке мініп тұрғанымды да түсірді. Мен ғана емес, бүйрек беттерін күн сүйген, монтаны достарымның бәрі де бұл күнді есте сақтаған шығар-ау» (Аталған кітап, 12-бет). Сәби шақтың сарқылмас әсерлері, бала жанын бақытты еткен әр сәт, әр көрініс дәлдікпен жанданады. Аяқасты жаңбыр құйып, бірде мұздатып, бірде шайдай ашылып жарқырап тұратын жайлау табиғаты сәби кейіпкердің есінде сол күйінде қалып қойған ғұмыр бойғы мерекесі екендігіне сенесің, сендіреді. Тауға, тасқа, көкке, шөпке шаттанып, әке-шеше алақанында, ағайын-туыс ортасында есейеді. Жалпы, бала туралы жазудың азабы да, ғажабы да аз емес. Пәлсапа соғуды, шешенсуді балаларға жазылған шығармалар көтермейді.
Кейіпкер –автор үшін өзін тастап кетпеген, өзі де құтылуға құштар емес балалық шақ – өміртанымының бастауы, жүрекке жылу жиған асыл мекен. Қарақиядағы көкпарда аттан мертігіп, бұғанасы шығып, бір қолын иығына асып жүрген атасының көкпар күнгі кесімді мінезі балаға да жұққан. «Ши қалпақта» малшы ауылдың жайлаудағы өмір рахаты шалқиды. Қазақ үй. Төрдегі тең-тең көмпиген көрпелерді алып, төсек салып жүрген апасы. Аппақ зерленген күндік орап, кимешек киіп отырған шүйкедей әжесі. Сондай бір қалпы бұзылмаған ыстық өмірдің әлдебір күнінде кішкентай Бөкен қыз өзі үшін және бір жаңалық ашты. «Бөкеннің тобылғы түсті дүниені өз бояу, өз әрімен көргені шамасы сол күні-ау. Ертеңгісін күн ашық болған. Жазғы тау іші тымық та салқын. Дымқыл ауадан жаңбырдың, бұршақтың, қардың лебі білінеді. Төбеге тез өрмелеп шыққан күн шақырайып тұрса да, әп-сәтте ақ бас таулардың ұшар басына қарай қазбауыр бұлттар да қалықтап көтеріле бастады». Күн күркіреп, найзағай шатырлады. Шелектеп құйылып, көл-көсір су төгілді. Жаңбыр, сонан соң бытырлап, бор кәмпит бұршақтар жауды. Ол аздай қалықтап қар түскен.
Табиғаттың әп-сәтте мың құбылған мінезі бота көзді бүлдіршінді біресе сыртқа жүгіртіп, біресе ішке тығылтып үйге тұрғызбады. Бала күннің қызығы көп. Бұрын кішкентай қыздардың балалық шағын біздің балалар жазушылары неге жазбайды екен деп ойлаушы едім. Осы жоқты Баянның жинағынан таптым десем, басқалар ренжімесін. «Ши қалпақ» әңгімесіндегі нағашы ауылына барған Бөкеннің «бастан кешкені» кішкентай қыздардың барлығының басынан өткен. Әлі есімде, ауылға 1956 жылы көрші Қытай елінен Кеңес паспортымен қайта көшіп келген құрбымыздан «Мәскеуді көрдің бе?» – деп сұрағанбыз. «Көрдім» деген. «Қалада тұрдым» деген. Қаласы сол кездегі үлкен ауыл екен. 1962 жылы шекараның арғы бетінен келген құрбыларымызға дос қызым екеуміз «қыр көрсетіп» біреуіміз екіншімізге: «Вода пойдешь?» – деп сұрақ қойып, тұп-тура «Вода пойдешь» деп жауап беретінбіз. Катя, Шура болып шыға келгенбіз. «Менің жасыл әлемімдегі» Бөкеннің жүрегін жылытып кеткен нағашы ағасының кішкентай қызы қазақы өмірдегі ағайын-туыстың жібін жалғайды.
Жасыл пүліш тақия, қос етек қызыл көйлек, сәтен шалбар киіп, көктен түспесе де, таудан түсіп келген кішкентай қыз нағашы әпкелерінің сәні бөлек киімін көріп, қызығып, қызғанады. Балаға ғана емес, адам атаулыға етене аса ұнамды көрінбейтін құлық. Бірақ бала қызғанышын жасырып, жаппайды. Білдірмей безірейіп, өтірік көлгірси алмайды. Шындығын жылап, долданып шашып тастайды. Бөкен де ши қалпақтың жайын түсінгенде қыстығып жылап, әке-шешенің екі аяғын бір етікке тығып, маған да осындай қалпақ әперіңдер деп қиғылық салған. Далада қалпақ жатқан жоқ, бірақ ерке Бөкенге, айтқанын жасатып үйренген Бөкенге бұл «проблема» емес. Тығырықтан манадан бері бір-бірін танып шүйіркелесе ойнап жүрген, таңсық дүниелерге қатысты сұрақтары бітпеген, тіпті Бөкеннен орысша сөйлеуді, іштері дұрыс емесін сезіп тұрса да, қуана үйренген туысқан қыздардың бірі шығарған.
Автор осы бір тұста дәстүрлі ағайындық институттың құндылығына екпін түсіруді көздегендей. Қимасын қымбат жандарға қуана сыйлайтын дарқандық та дәріптелген. «Қаршадай болып, әпкелік жолын сол кезде білген екен ғой», – деп ойлады Бөкен кейіннен. Аралары бір жарым жас болса да, сол Төмпіш кейін де мұның көңіліне ешқашан жел болып тимепті. Кіші болса да, шамасына қарамай, жылаған кезінде жаныңнан табылатын, өз қалпағын шешіп беріп, жұбата алатын әпкеңнің болғаны қандай жақсы» (26-бет). Кішкентай Бөкеннің өмір-пайымы авторға да, оқушыға да ыстық.
Жинақтағы «Қыстауда», «Көктеуде» циклдарды, «Мектепте», «Хат», «Аңғақ» әңгімелері де өзінше тартымды. Кітапта соғыс тақырыбы да қозғалады. Соғыс туралы біздің әдебиетте аз жазылған жоқ. Адамды тәлкек қылғаны, әбігерге салғаны да айтылып келеді. Баян Болатханова кейіпкерінің атасы мен апасының арылмас мұңымен жабықтырған әңгімесі де осал емес. Әр әңгімеде кішкентай адамның өміртанымын түзген таңбалы бір сәттер бар. Тағылым бар. Көшпелі, малжанды елдің дағдылы тұрмысы көз алдыдан өтіп жатады. Қаншама жер атаулары кезігеді. Қымбат жандар ортасы марқайтады. Сырын ішке бүккен айнала. Қыс көрпесін жинап, жасанған жасыл жон, қыр-қыраттар. Қыр астынан ақ торғын бәйшешек қылтияды. Ақ торғын бәйшешек. Табылған теңеу. Таптырмаған теңеу. Күміс жылғалар жылтырай құлдилап, асыға жүгіргенін де қуана сипаттайды өмірді жақсы көретін бүлдіршін қыз бала. Қозы-лағын бағып жүрген дала баласының шексіздікпен тілдесуі дейді кішкентай кейіпкерге қол ұшын беруге бейім «көрінбейтін» кейіпкер-автор. Мұндайда кішкене қыздың әңгімесіне есейген автор-кейіпкердің орайы келген естелік-толғамы араласады.
Кітаптың екінші бөлімі «Әлеуметтік-психологиялық әңгімелер» деп аталыпты. Мұнда аты айтып тұрғандай өмірдің ащы шындықтары бейнеленген. «Майдангер шалдың немересі», «Әппақи», «Ақмысық» туындылары тұрмыс-тіршіліктің иірімдеріне сүңгітіп, көкейдегі көп сұраққа жауап іздетеді. Ауыртпалық арқалаған екінші бөлімнен «Ертегілер» атты үшінші бөлімге өткенде уһ деп, бір жеңілдеп аласың. Баян Болатханова ізгілік жеңіс тойлайтын ертегіге келгенде бағзы замандардың ертегі туғызушыларынан қалыспайтын қалам иесі болып шықты. Есіле баяндап, эпикалық өріс жайлатып, жан сауықтырып жазады.
Ал төртінші бөлімде хикаяттарға орын берілген. «Бибіажар мен бойтұмар». Қайта оқыдым. «Дарабоз» бәйгесін алған туынды. Хикаятта бірінші бөлімдегі кішкене қыз бала есейіп, бой жеткен. Әлі сол баяғы атасы, апасы – үшеуі. Дүниенің қалт еткені Бибіажардың көзінде. Бұл есейіп бой жеткенше іргесі бұзылмайтындай одақ тарап кетті. Қоғам мүлкі жекешеленді. Көп дүние қараусыз тозды. Талан-таражға түсті. Сол екіарада Бибіажар да ненің не екенін айтпай білетін зерек қыз болып өсіпті. Осының барлығы хикаятта мазмұн ашқан оқиға барысында, астастыра, шендестіре қамтылған өмір айшықтарында дәйектелген. Адам мінездері, ақ пен қараның астыртын арпалысы, қамкөңіл жандардың қаяулы мұңы, ширыққан шешімді сәттері шым-шым жүрек қозғап, жанға майдай жағып, ынтықтырып тартып отырады. Баяндауға барлығын қосып жазуымен автор оқушысын «байлап» тастайды. Мен бұл кітаптан өзім сонау бір жылдары ұдайы балалар әдебиетінен іздейтін қыз баланың жанын таптым. Алаңсыз бала шақтағы кішкентай өміріміздің өшпеген, суымаған отына жылындым. Көңіліңе қарап, өтірігіңді шын көруге мақұл, ақпейіл, көрмесе, іздеп тұратын бала достарыммен табыстым. Асқар тау әкенің қамқор, қорған болған тұлғасы тірілді. Анам жайған ақ дастарқанның шетінде қайта отырдым. Бірге туған бауырдың басқадан таппайтын жақындығын сезіндім. Адам баласының тіршілік игілігін, бар мен жоқта бүлінбейтін мығымдығын көрдім. Қылаң берген келеңсіз кейбір құбылыстардың ізгілікке тізе бүгетінін, жеңілетінін сезіндім.
Баян Болатханова – жасы кіші болғанымен, менің тәрбиесі, тағылымы ортақ ортада қалыптасқан замандасым. Оның өмір мұхитында талмай жүзуге бар, жақсылық қалай­тын жаны шығармаларында жарқырап көрініп тұрғаны қуантты. Тілге сақ, жомарт жазу мәнерін бағаладым. Жазу өнерінде бойын жасырған көп дарынның бірі екенсің-ау деп түйдім.
ХІХ ғасырды қазақ арасына көп келген жатжұрттықтар бұл елдегі бала десе ішкен асын жерге қоятын мінезіне, бала культына қайран қалған. Баян Болатханованың мен оқыған бұл кітабында бабалар дәстүрі, бала құндылығы салтанат құрыпты.

Қанипаш МӘДІБАЕВА,
Мұхтар Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор