Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар Жамбыл ауданында жүйелі түрде жалғасуда. Аудан орталығы Ұзынағаш ауылының орталық көшелерінде кезекті «Таза Бейсенбі» сенбілігі ұйымдастырылды.
Экологиялық шараға 100-ден астам мемлекеттік және бюджеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары қатысып, көшені қоқыстан тазарту, жол жиектерін ретке келтіру және қоғамдық аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізді. «Туған жердің тазалығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан аудан тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатты аялауға және алдағы сенбіліктерге де белсенді қатысуға шақырамыз», дейді шараны ұйымдастырушылар.
Жыл басынан бері Жамбыл ауданында 22 жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысты. Нәтижесінде 495 тонна қоқыс шығарылып, 124 гектар аумақ тазартылды, 12 700 түп ағаш пен 8 мың гүл көшеті отырғызылды. Сонымен қатар 145 көше, 780 аула, 125 шақырым жол жиегі және 21 шақырым арық жүйесі тазартылды. Аудан аумағында анықталған заңсыз қоқыс орындарын жою, «Таза бейсенбі» акциясын өткізу және тұрғындардың өтініштерін жедел қарау бағытындағы жұмыстар тұрақты жалғасуда.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

