Перейти к содержимому
Главная страница » Тазалық – әр тұрғынның азаматтық ұстанымы

Тазалық – әр тұрғынның азаматтық ұстанымы

Жамбыл ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды жалғасуда. Аудан көлемінде тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан сенбіліктер елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға оң ықпал етуде.

Кезекті жалпы аудандық сенбілік қарсаңында Жамбыл ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Өмірбек Бегендікұлы Сарсенов аудан тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді атсалысуға шақырды.

– Жердің тазалығы – оған деген жанашырлықтан басталады. Ауылымыздың көшесі, саябағы, арығы немесе өз үйіміздің ауласы болсын, барлығы – ортақ байлығымыз. Сондықтан қоршаған ортаны таза ұстау – тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, барша тұрғынның азаматтық парызы. Бірлікпен атқарылған әрбір игі іс ауданымыздың көркеюіне қызмет етеді. Барша жерлестерімізді кезекті сенбілікке белсенді қатысуға шақырамын, – деді Өмірбек Сарсенов.

Биыл аудан аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 22 жалпы аудандық сенбілік ұйымдастырылып, оған 57 мыңнан астам тұрғын қатысты. Санитарлық тазалық жұмыстары барысында 495 тонна қоқыс шығарылып, 124 гектар аумақ ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға 105 арнайы техника жұмылдырылды.

Көгалдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Осы уақытқа дейін аудан бойынша 12 700 түп ағаш отырғызылып, Ұзынағаш ауылының орталық көшелеріне 8 мың гүл көшеті егілді. Сонымен қатар 145 көше, 780 аула, 125 шақырым автожолдың жиегі мен 21 шақырым арық жүйесі тазартылып, мыңнан астам ағаш әктелді. Сондай-ақ 83 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы, 1 саябақ, 8 сквер, 70 тарихи-мәдени ескерткіш пен 211 әлеуметтік нысанның аумағында санитарлық жұмыстар атқарылды.

Заңсыз қоқыс үйінділерін жою бағытында да нақты нәтижелер бар. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингі арқылы анықталған 4 рұқсат етілмеген қоқыс орны толық тазартылды. Кейінгі мониторинг барысында анықталған 9 заңсыз қоқыс үйіндісін жою бойынша ауылдық округ әкімдіктері тиісті жұмыстарды жалғастыруда.

Тұрғындардың өтініштері де назардан тыс қалған жоқ. Жыл басынан бері «Taza Qazaqstan» Telegram-боты арқылы келіп түскен 20 өтініш толық орындалды. Сонымен қатар санитарлық тазалық талаптарын бұзған азаматтарға қатысты заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылуда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы ақпараттық жұмыстар тұрақты жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша аудан көлемінде әлеуметтік жарнамалар орналастырылып, аудандық «Атамекен» газетінде мақалалар жарияланды. Сонымен қатар аудан әкімдігі, ауылдық округтер және мемлекеттік мекемелердің ресми әлеуметтік желілерінде жалпы саны 2 926 ақпараттық жарияланым жарық көрді.

Жамбыл ауданында әр бейсенбі күні өткізілетін «Таза бейсенбі» акциясы да тұрғындардың кең қолдауына ие болып келеді. Бұл игі бастама қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға және ауданның тазалығын сақтауға өз үлесін қосуда.

Туған жердің тазалығы – әр азаматтың жауапкершілігі. Сондықтан аудан әкімдігі барлық тұрғындарды кезекті сенбілікке қатысып, туған өлкеміздің көркеюіне бірге үлес қосуға шақырады.

Өмірбек САРСЕНОВ