Перейти к содержимому

Тоқсанның төрінде

23 қаралым

Бүгін біз 90 жасқа толып отырған көненің көзі, есімі ел аузынан түспейтін құрметті ақсақал Елтай Хасенов жайлы ой өрбітпекпіз. Өмір өріндегі келешегіңе бірден қадам жасап кету оңай емес. Онда үміт пен күдіктің тайталасып қатар жүретіні анық. Сонау бір қиырда жатқан Қостанай облысының қазіргі Меңдіқара ауданындағы Басағаш ауылында 1936 жылы дүниеге келген Елтай Хамзаұлының өмірден өз жолын табуда тағдыр талқысына талай түскені бар. Қандай қиындық атаулы кездессе де, қаймықпай қарсы тұрғаны ешқашан жадынан шықпайды. Оның бәрі айна-қатесіз көкірегінде сайрап тұр.

Мектепті үздік бітіргеннен кейін кейіпкеріміздің басты арманы, адам арашашысы атанған дәрігер мамандығын алу еді. Сөйтіп, Алматыдағы медицина институтына жол тартады. Бұған деген дайындығы да мін таппастай мығым болатын. Алайда үш емтиханды да кілең беске тапсырып, соңғы емтиханға келгенде аяқасты қырсық шалады. Біреуге көмектесемін деп емтиханнан қуылады. Қайсы саладан болсын, қабілет-қарымы жетерлік ол осыдан кейін Ақсуат орта мектебінде зертханашы және бастауыш сыныптарда мұғалімдік қызметтерді атқарады. Бұдан кейін Алматыға жол тартып, ауыр машина жасау зауытында теориялық және тәжірибелік сынақтан сүрінбей өтіп, төртінші разрядты жонушы-фрезерлеуші мамандығының қазанында қайнайды. Мұнда беделі де бетке ұстарлықтай болады. Жоғары оқу орындарына емтихан тапсыратын уақыт жақындаған сайын бір жолы болмаған Елтай мазасыз күйге түседі. Сол кезде ойына әкесі Хамзаның туған бөлесі, қазақтың белгілі ақыны Мәриям Хәкімжанова апасы сап ете түседі. Сасқанынан сол кісінің алдына барады. Оны қуанышпен қарсы алған Мәриям апайы агрономияны таңдауды ұсынып, ақ батасын беріп, арқасынан қағып, сәттілік тілеп, шығарып салады. Сол жылы оның бағы жанып, Қазақтың ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолындағы алған жолдамасымен ол Қарабалық ауылшаруашылық тәжірибе стансасында кіші және аға ғылыми қызметкер, одан соң мал азығын дайындау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейді. Тапсырылған жұмысты тындырымдылықпен тиянақты орындап жүреді. Оның тындырымдылығы мен тиянақтылығын бірден аңғарған осындағы білікті мамандар мен ғалымдар болашағынан көп үміт күтеді.
Елтай ақсақалдың өмір белестеріндегі ең маңыздысы ол кісінің ғылыми жұмыстарға бетбұрыс жасауы болатын. Бұған себепші болып, жолын ашуға қолма-қол көмегін көрсеткен әрі демеушілігін жасаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми басқармасының төрағасы Шавкет Чултуров болды. Ол жас жігіттің ғылымға деген құлшынысы мен ұмтылысын бірдан байқап қалады. Шавкет оны шақырып алып: «Сенің ізденісіңде ілгерілеу бар сияқты. Қазақта «Темірді қызған кезінде соқ» деген жанды сөз бар емес пе? Сенің есеп берудегі баяндамаң ғылыми негіздерге сүйеніп жасалыпты. Жарайсың, осы беталысыңнан тайма!» – деп оған ғылыми жұмыстармен қалай айналысу керектігі жөнінде ақыл-кеңесін айтып, оның жөн-жосығын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп, оңды сілтеме жасайды. Осы жерде оны ғылымның қия жолына жетелеуде зор ықпалын тигізген, оның талантын тани білген Қайырбек Байтқанов пен Әбдірахым Елемановтардың ересен еңбек сіңіргенін Елаға әрдайым айрықша сүйіспеншілікпен мақтаныш етіп айтып жүреді. Бұл оның оларға деген құрметі мен ізеті екені сөзсіз.
Алған бағытынан адаспаған ол Қазақтың егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, 1973 жылы «Жүгерінің, бұршақтың және олардың қоспаларын суару режимі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Оған артылған сенім де айрықша ықпал етіп, алға жетелей түседі. 1988 жылы оған «Селекция және тұқым шаруашылығы» мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер (доцент) деген ғылыми дәреже беріледі. Мұндай ауыз толтырып айтарлық дәреже оның атқарған адал еңбегінің нақтылы нәтижесі еді. Оның осы мерзім ішінде баспадан 120-дан астам зерттеуі мен 5 авторлық куәлігі және күздік пен жаздық бидайға берілген бір патенті қолында болады. Елекеңнің жетекшілігімен 2 аспирант кандидаттық диссертацияларын ойдағыдай қорғап шығады. Мұндай ересен еңбегі бағаланған жарқын сәттер кейін де жалғасын табады.
Елтай Хасеновтің атқарған жұмысының ауқымы, тізбелей берсе, тіптен жетерлік. 1963-1980 жылдар аралығында аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы, аспирантура бөлімінің кіші көлемді техника зертханасының, Панфилов тірек пунктінің меңгерушісі болып істеген жылдарында да ғаламат ғалымдығымен қатарластары мен әріптестерінің көңілін баурап алғанын кейінгі жастардың өзі орынды мақтаныш етеді. Елекеңнің 1980-2013 жылдарға дейін «Селекция және тұқым шаруашылығы» бөлімінің аға ғылыми қызметкері, кейіндеп бөлім меңгерушісі болып қызмет еткенінің өзі оның өн бойындағы қабілет-қарымының қандай екенін көрсеткендей әсер қалдырады. Оның сол уақыттарда көтерген тың бастамалары мен идеялары өндіріс саласынан орын табуымен ойдағыдай бағаланды. Осы арқылы халықтың алдындағы қадірі де арта түседі.
Мінеки, 90 жасқа сергек те сезімтал қалпымен жеткен Елтай Хамзаұлының әлі де қызметтен қол үзбей келе жатқанының өзі ол кісінің қажуды білмейтін қария екенін дәлелдеп берсе керек. Бұған оның күнделікті спорттық жаттығуларды таңмен таласа жасап, тыным таппайтынының көп пайдасы тиіп жатқанын өзі де жасырмайды. Елтай ақсақалдың еліміздегі шаруа қожалықтарына көрсетіп келе жатқан көмегі ұшан-теңіз. Өйткені, ол тұқым өсірумен айналысатын шаруалармен жиі бас қосып, олармен семинар өткізіп, ақыл-кеңесін беріп тұрудан бойын аулақ ұстаған емес. Атап айтатын болсақ, Елекеңнің атсалысуымен бұрынғы Алматы облысының 10 ауданында егіншіліктің гектар шығымдылығын арттырып, молайтудың шаралары жасалып, өндіріске енгізілгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Күте білсе, жердің жомарттығынан таймайтынын ол диқандар қауымына ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, саналарына жеткізуден жалығып көрмеген ғалым. Сондықтан да болар, егіншілік саласында жүрген диқандар қауымы алар өнімнің молшылығын арттыру бағытында Елағаға көбірек арқа сүйейді. Ал Елағаң болса, олардың өтініш-тілектерін орындап беруден ешқашан бас тартқан емес. Қайта баяғы қарапайым қалпымен қуана қабыл алып, қажетінше көмегін көрсетіп отырады. Бәрін де ғалымға тән тәжірибесімен шешіп береді.
Тәжірибесі мол, тәлімгер ғалымның 2003 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасымен «Тұқым туралы» Заңды дайындауға қатысқаны қандай мәртебелі абырой десеңізші?! Сондай-ақ ол сол кезде Сарқан ауданы басшылығының өтініші бойынша «Пограничник» кеңшарының егістік алқабында бұрын аудандастырылмаған күздік бидайдың «Богарная-56» деген жаңа сортын өндіріске енгізіп, шаруашылық жоспардағыдан әлдеқайда мол қайтарыммен өнім алып, атақтары бір аспандап еді. Сол бір көтеріңкі көрсеткіштердің нәтижесі бойынша кеңшар «Элиталық тұқым шаруашылығы» деген дардай статусқа ие болып, молшылық негізін қалағанын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан болар, сарқандықтар Елекеңді ерекше құрмет тұтып, Сарқан ауданының Құрметті азаматы атағын береді.
Елтай Хасенов ақсақалдың іс жүзіне асырған жұмыстары айта берсе, шетінен шыға береді. Ол, әрине, адал еңбектің арқасы екені сөзсіз. 56 жылдан бері бұл кісінің Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында табан аудармай, тұрақты түрде қызмет жасап келе жатуының өзі нағыз қайраткерге тән қажымас еңбектің жемісі болса керек. Ол кісі өзінің негізгі жұмыстарымен қатар, қоғамдық жұмыстардың да бел ортасынан табылып жүр. Кезінде 10 жыл қатарынан институттың партия ұйымының бюро мүшесі, Алматы облыстық ғылыми-техникалық қоғамдастық мүшесі, 1984-1990 жылдары Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ғылымдарының академиясы үйлестіру кеңесінің мүшесі болды. Аталған жұмыстарда оның жауапкершілікті жақсы сезінетіндігі, ар-ұятына шаң жуытпай атқаратындығы қашан болсын көпшіліктің көңілінен шығып жүрді. Оның қоғамдық жұмыста да міндетсінген жері жоқ.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Көрнекті ғалымның көп-көрім жетістіктері мен ересен еңбектері оның азаматтық тұлғасын абыройдың асқарына биіктете түсті. Соңғы жылдары ол Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі атағына ие болып, тағы да бір еңбегі жанды. Елтай Хамзаұлының омырауы толған марапат, «Құрмет белгісі» орденінен бастап, әрі қарай самсап тұр. Оның атын атап, түсін түстеп шығу сала-құлаш тізімге ұласып кетеді. Көзі ашық, көкірегі ояу адам мұны өзі-ақ сарапқа салып алады. Сарқан және Қарасай аудандарының Құрметті азаматы атағын алуы де үлкен бақыт деп айтсақ артық болмайды. Ал мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтарын есептеп шығу мүмкін емес. Оларының өзі бір төбе дерлік. Оған өзі де мән бере қоймайды. «Дәуір» баспасынан жыл сайын шығатын «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» ғұмырнамалық жинақтар сериясының 20-томында оның өмір жолы мен жеткен жетістіктері толық қамтылған. Осыны оқып шыққан адам Елағаның тегін адам емес екеніне көз жеткізе түседі.
Елтай Хасенов соңғы 12 жылдан бері Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін де мінсіз атқарып келді. Оның ұйымдастыруымен көпшіліктің көңілінен шығып келе жатқан ауылдағы өнер өріндегі хор орындайтын топ пен әжелер ансамблі, жекелеген ел ішінен шыққан талантты өнерпаздар қазір халық қошеметіне ие болып жүр. Осының бәріне Елтай ақсақал мұрындық болып отыр. Сол сияқты Елтай ақсақалдың да өнерден құралақан емес екенін жұртшылық көптен біледі. Оның өз нақышымен орындайтын халық әндері, сонымен қатар көпшілік ортада беріп жүрген ақ батасы жүректерді толқытып-ақ жібереді. «Мен академик Елтай ақсақалдың ауылдық ардагерлер ұйымын басқарудағы құнттылығы мен ұқыптылығына қатты қызығамын. Ауылдағы аталарымыз бен апаларымызды ортақ іске жұмылдырудағы ұйытқы болу рөлі ерекше. Қандай жұмыстан болсын ат-тонын ала қашпай, тиянақты орындап тастауға тырысады», – дейді Қарасай аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов.
Бұл – ешқанай қоспасы жоқ, жылы лебізге толы пікір. Мұндай ыстық ықыласқа толы ақ ниеттерін ел ағасы атанған Елтай ақсақалға онымен біте-қайнаса араласып жүрген адамның кез келгені бауырмалдықпен бүкпесіз білдіре алады. Оның бойына ойы сай келетін қазақи қарапайымдылығы, адамдық асыл қасиеттерді, жаратылысынан жадына жинақтаған мейірбандылығы, адам баласы үшін қылдай қиянат жасауға бармайтын адалдығы мен тазалығы кімге болса да үлгі боларлық. Оның жүздеп саналатын шәкіртінің ұлағатты ұстаздарына деген ілтипаттары мен құрметтері де өзінше бір ғанибет! Мұндай абыройға екінің бірі жете бермейді. Ал енді оның шәкірттерінің бірі әрі қызметтес әріптесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Әйіп Ысқақов асқан ризашылық сезіммен: «Ол кісінің ауыл шаруашылығы ғылымына сіңірген еңбегі ерекшелеп айтуға тұрарлық. Алдымен ол кісінің адамгершілік қасиеттерін, жұмысына жүрдім-бардым қарамай, өте тиянақты, тұқым шаруашылығы саласының білікті де, беделді маманы екенін айтқым келеді. Қазақ тіліне өте жетіктігі, сөздің майын тамызып сөйлейтін шешендігі көрген адамды таң-тамаша қалдырады. Онымен бір курста мемлекет және қоғам қайраткерлері Серікболсын Әбділдин, Мехлис Сүлейменов, Рақым Оразалиев, Зайролла Дүйсенбеков, Сағидолла Байракимов, Алексей Бойко, Юрий Ажигоев, Гештофт, Бөгенбай Алмаханов және танымал тағы басқа қоғам қайраткерлері мен ғалымдар оқыған. Елекең, әсіресе, Серікболсын Әбділдинмен жақсы сыйласып өтті», – дейді ұлағатты ұстазы жайлы толғанысында.
Иә, халықтың адамына айналып кеткен Елтай Хасенов туралы оны білетіндер шын ниетімен жақсы тілеулерін ғана айтады. Ал ақындар жағы болса, оған арнаған өлеңдерін кітаптарына енгізген. Оның бәрін тізіп шығу шарт емес. Мен ол кісінің кітапханасындағы мол рухани қазыналарын шолып қайтқанымда, орындығында отырған Елаға тұнжырап, тұңғиық ойға беріліп кетіпті. Мен сасқанымнан: «Ағасы-ау, өңіңіз өзгеріп кетіпті ғой. Не болып қалды? Жайшылық па?» – деп сұрақтың астына алып жібергенімді де байқамай қалдым. Өмірінде осы 90 жасына дейін қажуды білмей өткен қария аспай-саспай: «Менің өмірімде бір ғана өкінішім бар. Ол – анамның мені босанғаннан кейін қайтыс болып кеткені. Тек ес біліп, етек жиғанымда атының Сәбира екенін білдім. Осы жағы ғана менің сай-сүйегімді сырқыратып жібереді. Ананың аты ана ғой. Тағдырдың жазуына не істерсің?» – деп жайдары қалпына қайта түсті.
Қашан көрсем ақтарылған теңіздей,
Жақсылықтан жаның жүрді безінбей.
Қалың қауым арасынан қиын-ау,
Адам табу аңқылдаған өзіңдей!

Бала кезден көп болды ғой көргенің,
Құлашыңды арып-ашып сермедің.
Еңбектің де дәмін таттың аянбай,
Білім қуып, ел-жұртыңды тербедің.

Алыстарға алып шықты арманың,
Биіктетті ғылымға жол салғаның.
Ашып берген жаңалығың жетерлік,
Қыран сынды өрге өрлеп, самғадың.

Атақ-даңқың аспандап тұр білгенге,
Сізде жоқ қой мақтанатын құр кеуде.
Қазақи салт, қарапайым қалыппен,
Не жетсін-ау сіз сияқты жүргенге?!

Тілімнің ұшына осындай өлең жолдары келе берді. Елтай Хасенов ақсақал көппен бірге өзінің 56 жыл бойы сүйікті мекеніне айналған ғылыми-зерттеу институтына қарай беттеп барады. Еңсесін тік ұстаған, жүрісі де ширақ. Аумағы атшаптырымдай болатын институттың төртінші қабатындағы кабинетіне екпінін бұзбай, көтеріліп барады. Оның осы қалпына артынан қарап тұрып: «Ақсақал, тоқсан жастың да төріне шықтыңыз. Енді ғасыр жасына жетіңіз!» – деп мен іштей тілеуімді айтып тұрдым.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы