Перейти к содержимому

Бірлескен жоба жүзеге асады

33 қаралым

Биыл облыс пен Франция елі арасындағы тауар айналымы 58 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылмен салыстырғанда, 4,3 есеге немесе 330,3%-ға өсті. Өңірге Франциядан негізі­нен химиялық өнімдер, машина жасау жабдықтары, электро­техникалық бұйымдар мен тамақ өнеркәсібі тауарлары импорт­талады. Мұны облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренжемен кездесу барысында айтты.

Жиында сондай-ақ өңір мен Франция арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитар­лық және туристік ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Биыл екі ел арасындағы дипло­матиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толды. Қазақстанға тартылған француз инвестициялары негізінен энергетика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-химия, көлік, авиация, құрылыс, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен және қызмет көрсету салаларына бағытталған. Алматы облысында да ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Soufflet» компаниясы құны 10 млн доллар болатын арпа өндіру жобасын жүзеге асырды. «Danone» компаниясы 6 млн доллар қаржыға йогурт дайындайтын екінші желіні іске қосуды жоспарлап отыр.
Жиын барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды әрі қарай ілгерілету мәселесі де сөз болды. Мәселен, екі жыл бұрын Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ халқының көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған қорытынды іс-шара өтті. Онда «Менің атым Қожа» кітабының француз тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Ал Талғар қаласында француз ғалымы Луи Пастердің құрметіне көше атауы берілген. Білім саласында Париждегі «Gioma Tirell» және «Eliza Lemonier» колледждерімен халықаралық ынтымақ­тастық туралы меморандумға қол қойылған. Аймақ басшысы осы келісімнің негізінде оқыту курстарын ашуды ұсынды. Бұдан бөлек, туризм саласындағы байланысты арттыру жайы да жиынның негізгі тақырыбына айналды. Облыстың туристік әлеуеті зор екені белгілі. Осы ретте Марат Елеусізұлы Францияның озық тәжірибесін облыстың туризм инфрақұрылымын дамытуға тартуға мүдделі екенін жеткізді.
– Облыстың жайлы климаты мен өзге де мүмкіндіктері кәсіпкерлерге өте қолайлы. Сондай-ақ өңір жаңашылдыққа әркез ашық әрі сенімді серіктестіктік орнатып, бірлескен жобаларды іске асыруға әрқашан дайын. Бүгінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз француз инвесторларының өңірімізге деген сенімін жоғары бағалаймыз және бұл қарым-қатынасты одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді аймақ басшысы.
Бас консул Максим Жеренже Қазақстан Франция үшін Орта Азиядағы басты серіктес екенін атап өтті. Су ресурстары мен энергетика, білім беру, әсіресе гастрономия мен туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға толық мүмкіндік бар екені­не тоқталды. Сондай-ақ француз компания­ларының өңірге қызығушы­лығы жоғары екенін жеткізіп, болашақта ауқымды жобаларды Қазақстанда, оның ішінде Алматы облысында іске асыруға ниетті екенін айтты.

Гүлзат БАЙҚОНЫС