Отбасы – адам өзін ең қауіпсіз сезінуі тиіс орта. Алайда кей жағдайда зорлық-зомбылық дәл осы үйдің ішінде орын алып, сырт көзге байқалмай қалуы мүмкін. Ең қауіптісі – мұндай жағдайдың ұзақ уақыт бойы үнсіз жалғасуы.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабы бір адамның тағдырымен ғана шектелмейді. Үйдегі жанжал мен күш көрсету баланың психологиясына әсер етіп, отбасындағы қарым-қатынасты бұзады және зорлықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға әкелуі мүмкін.
Сондықтан «отбасылық мәселе» деп сырт айналу – мәселені шешпейді. Керісінше, уақыт өте келе жағдайды ушықтыруы ықтимал.
Зорлық-зомбылықтың алдын алуда құқық қорғау органдарымен қатар, қоғамның да рөлі зор. Көршінің жанайқайын естіп, жақын адамның мінез-құлқындағы өзгерісті байқап, қажет жағдайда көмекке жүгіну – немқұрайдылықтан әлдеқайда маңызды.
Үндемеу әрдайым бейбітшілікті білдірмейді. Кейде үнсіздіктің ар жағында көмекке мұқтаж адамның тағдыры тұруы мүмкін.
Сондықтан зорлыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыру – қауіпсіз отбасы мен сау қоғам құрудың маңызды шарты.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
