Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Үндістанда қазақстандық дәрігер марапатталды

Үндістанда қазақстандық дәрігер марапатталды

29 қаралым

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасындағы (АККА) профессор Жұмагали Исмаиловтың командасы үндістандық инвестормен бірлесіп, жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің санын 2-ден 31-ге дейін арттырды. Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Й. К. Сайлас Тангал медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмагали Исмаиловқа Қазақстандағы үнді диаспорасын дамытуға қосқан елеулі үлесі мен айрықша еңбегі үшін марапат табыстады.

Марапаттау рәсімі Үндістан тәуелсіздігінің 80 жылдығына орай өтті. Соңғы алты жыл ішінде үндістандық мамандар Қазақстандағы медициналық білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға атсалысып келеді. Осындай ынтымақтастықтың бір мысалы – АККА-ның мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында дамуы. Профессор Жұмагали Исмаилов басқаратын IAMS басқарушы компаниясы аурухананы жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту және кадрлық әлеуетті дамыту жұмыстарын өз мойнына алды. Жобаның нәтижесінде АККА-да көрсетілетін жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің саны 2-ден 31-ге дейін артты. Бүгінде аурухана бұл көрсеткіш бойынша Қазақстандағы жетекші медициналық ұйымдардың қатарына кірді. Келесі кезең – МЖӘ аясында жаңа заманауи медициналық кешен салу. Жеке әріптестің инвестиция көлемі шамамен 11 млрд теңгені құрайды. Қаражат құрылысқа, инфрақұрылымды дамытуға және нысанды заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталады.

— Біз үшін медицинаны дамыту – халық денсаулығына, білікті мамандарға және заманауи технологияларға салынатын инвестиция. Тұрғындар медициналық көмектің жоғары деңгейін облыстан тыс жерге шықпай-ақ алуы үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді Жұмагали Исмаилов. Үндістан қолжетімді медицина, фармацевтика және медициналық туризм салаларында әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде танылған. Медициналық технологиялардың жоғары деңгейі мен емдеу құнының қолжетімді болуы бұл елді шетелдік пациенттер арасында сұранысқа ие бағытқа айналдырды. Профессор Исмаиловқа табысталған марапат Денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығының нығая түскенінің символына айналды. Бүгінде серіктестік тәжірибе алмасумен ғана шектелмей, нақты инвестициялар салу, медициналық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жүзеге асырылып келеді. Бұл жұмыстың басты мақсаты – Алматы өңірі тұрғындары үшін сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.