Перейти к содержимому
Главная страница » Ынтымағы жарасқан

Ынтымағы жарасқан

Аптап ыстықта Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылындағы мұсылман бейітінің аумағында құрғақ шөп тұтанып, өрт шықты. Ауыл тұрғындары қызыл отты дереу ауыздықтап, халықтың береке-бірлігін көрсетті.

Ауыл сыртындағы мұсылман зираты аумағында күннің ыстығынан тұтанған от, шамамен 10 гектар жерге жайылған. Бірлесіп өртті сөндірген тұрғындар оның салдарымен де бірге күресті. Үлкен-кіші бірге қолдарына құрал-сайманын алып, өрт болған жерді тазалауға кірісті. Бірі өртенген ағаштарды кесіп, қураған шөпті шапса, енді бірі бейіт аумағын күл-қоқыстан тазартты. Сонымен қатар зираттың қоршауын қалпына келтіріп, шарбақтарын сырлады.

«Бүгінгі тазалық жұмыстарына мектеп жасындағы балалар да, зейнет жасындағы қариялар да біркісідей атсалысып, үлкен іс бітірді. Ауыл тұрғындарының осындай береке-бірлігінің арқасында ауылдарымыз көркейіп, дами бермек. Таза Қазақстан таза ауладан, таза ауылдан бастау алады. Зираттың маңын тазалау – ондағы ата-баба рухына тағзым, ел мен жерге деген құрметтің бір нышаны. Осы іске атсалысқан әр азаматқа алғысым шексіз», – дейді Балтабай ауылдық округінің әкімі Сәуле Алипова.

Тазалық жұмыстарын ойдағыдай аяқтаған ауыл тұрғындары далада үлкен дастарқан жайып, бір шаңырақтың балаларындай бір үстелдің басына жайғасып, тамақтанды.

«Береке-бірлік болған жерде жарасымды тірлік те бар» дегеннің жарқын үлгісін балтабайлықтар осылай көрсетті. Қиын сәтте бір-біріне демеу болып,  туған жерінің тазалығы мен көркеюіне бүкіл ауыл болып үлес қосқан тұрғындар – көпке үлгі.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ