Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық ең алдымен заңның сақталуына байланысты. Әрбір азамат заң талаптарын құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтаған кезде ғана қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптасады. Сондықтан құқық бұзушылықтың алдын алу – мемлекеттік органдармен қатар, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Көптеген құқық бұзушылықтың алдын қарапайым жауапкершілік арқылы алуға болады. Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, өзгелердің құқығына қол сұқпау, заң талаптарын бұлжытпай орындау – әр азаматтың күнделікті өмірдегі маңызды қағидалары болуы тиіс. Осындай қарапайым әрекеттер қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтады.
Құқық қорғау органдары тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп келеді. Халықпен кездесулер ұйымдастырылып, құқықтық түсіндіру шаралары өткізіліп, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарына ерекше назар аударылады. Мұндай жұмыстар құқық бұзушылықтың алдын алып, тұрғындардың заңға деген сенімін арттыруға бағытталған. Қауіпсіз қоғам қалыптастыруда жастар тәрбиесінің де маңызы зор. Жас ұрпаққа заңға құрметпен қарауды, жауапкершілікті және азаматтық ұстанымды ерте жастан үйрету – келешекке салынған инвестиция. Себебі құқықтық санасы жоғары азамат қоғамның тұрақты дамуына үлес қосады.
Заңға бағыну – әр адамның саналы таңдауы. Өз міндетін адал атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтаған азаматтар көбейген сайын қоғамдағы тыныштық та нығая түседі. Қауіпсіз өмір – заңды құрметтеуден басталатынын әрдайым есте ұстаған жөн.
Құралбек СӘБИТОВ

