Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жақсылықты бірге жасау – үлкен күш

Жақсылықты бірге жасау – үлкен күш

20 қаралым

Қонаев қаласында «VOLUNTEER FEST» облыстық волонтерлер слеті басталды. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шараға Алматы облысының тоғыз ауданы мен екі қаласынан белсенді волонтерлер, жастар көшбасшылары, жастар ісі жөніндегі мамандар, қоғамдық ұйымдар мен ҮЕҰ өкілдері, сарапшылар және волонтерлік қозғалыстың белсенді мүшелері қатысты.
Слеттің ашылуында Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов сөз сөйлеп, қатысушыларды Халықаралық жастар күнімен құттықтады.
– 12 тамызда Халықаралық жастар күніне орай арнайы баспасөз брифингін өткізіп, осы тамыз айының соңына дейін облысымызда түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтқан болатынбыз. Міне, сол жастар күнінің аясындағы шаралардың өзіндік кульминациясы ретінде бүгін облыстық волонтерлер слеті өтіп жатыр, – деді Мәди Ахметов.
Оның айтуынша, слетке тоғыз аудан мен екі қаладан, сондай-ақ республикаға танымал волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен басшылары арнайы келген. Үш күнге жоспарланған шара барысында қатысушылар түрлі сессиялар мен пікір алмасу алаңдарында бас қосып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
– Екі күн бойы арнайы сессияларда, панельдік сессияларда, арнайы алаңдарда пікір алмасып, өздерінің дәрістерін өткізіп, негізгі тәжірибелерімен бөлісетін болады. Сондықтан бұл – пікір, ой және тәжірибе алмасу үшін таптырмас алаң деп ойлаймыз, – деді басқарма басшысы. Биыл волонтерлік қозғалыс үшін ерекше жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылына арналған. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі іс-шаралар тізіміне енгізілді. Осы бағыттағы халықаралық шаралардың бірі ретінде 20–22 тамыз күндері Астана қаласында ТМД мемлекеттерінің халықаралық волонтерлер форумы өтті. Оған Алматы облысынан да арнайы делегация қатысқан.

Фотоны түсірген — Мұхтар Аукен


«VOLUNTEER FEST» – осындай ауқымды бастамалардың өңірлік деңгейдегі жалғасы. Мұнда еріктілер өз тәжірибесін ортаға салып қана қоймай, жаңа жобалар әзірлеп, қоғамдық бастамаларды жүзеге асырудың тиімді жолдарын талқылайды. Алматы облысында волонтерлік қозғалыстың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Әлеуметтік көмек, экология, қайырымдылық, қоғамдық қауіпсіздік, гуманитарлық қолдау, инклюзия және азаматтық бастамалар бағытында еріктілердің атқарып жүрген жұмысы аз емес. Оның нәтижесі республикалық деңгейде де бағаланып отыр. Өңір «Игі істер марафоны» байқауында «Ең мейірімді аймақ» номинациясын қатарынан екі жыл иеленді.
– Біздің облысымызда «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза Қазақстан», экологиялық мәдениет және басқа да бағыттардағы әлеуметтік жобаларға өз үлесін қосып жүрген волонтерлер біршама. Оның дәлелі – соңғы екі жылда облысымыздың республикалық «Игі істер марафоны» байқауында екі жыл қатарынан «Ең мейірімді аймақ» номинациясын алып келе жатқаны. Волонтерлік жұмыстың нақты нәтижесі де бар. Жыл басынан бері өңірде еріктілердің қатысуымен мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілік ұйымдастырылып, оған екі мыңнан аса экобелсенді қатысты. Әлеуметтік бағытта 800 жалғызбасты ардагерге көмек көрсетілді. Еріктілер қарттардың тұрмыстық мәселелеріне қолдау білдіріп, қажетті заттарын жеткізуге, аулаларын тазалауға және басқа да күнделікті жұмыстарға көмектесті. Табиғатты қорғауға бағытталған «Taza Like» бастамасы аясында мың құс ұясы орнатылды. Ал жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «Saqtan» жобасы аясында 800 жас қамтылып, есірткі жарнамасына қатысты 250 факт жойылды. Мұндай көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты адамның еңбегі бар. Бір жерде сенбілікке шыққан жас болса, енді бір жерде ардагердің жағдайын сұрап, қолғабыс еткен ерікті бар. Бірі табиғатты қорғауға үлес қосса, бірі қоғамдағы қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарамайды. Волонтерліктің басты ерекшелігі де осында. Ол міндетті түрде үлкен жобадан басталмайды. Кейде бір адамға көрсетілген қарапайым көмек те қоғамдағы ізгілік мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді, – деді Мәди Абылайұлы.
Слеттің ашылуында Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің аймақтық менеджері Мадина Атайбаева да сөз сөйлеп, жастарды Халықаралық жастар күнімен құттықтады.
– Жастар елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі өзгерістің қозғаушы күші. Ал волонтер болу – қоғамға бейжай қарамай, өз уақытыңды, біліміңді және күшіңді өзгелердің игілігіне арнай білу. Волонтерлік жай ғана көмек көрсету емес, жауапкершілік, мейірімділік пен азаматтық ұстаным. Бүгінгі Volunteer Fest – тәжірибе алмасатын, жаңа достар табатын, тың идеялармен бөлісетін және волонтерлік қозғалыстың күшін бірге сезінетін ерекше алаң. Сіздердің әрбір игі істеріңіз бір адамның өміріне қуаныш, бір отбасыға қолдау, бір қоғамға өзгеріс әкелуі мүмкін. Сондықтан жасаған жақсылықтарыңыз ешқашан ұмытылмайды, – деді ол.
Волонтерлікпен айналысуға жас шектеуі жоқ. Мұны слетке қатысушылардың құрамы да көрсетіп отыр. Әртүрлі жастағы азаматтардың бір алаңда бас қосуы – игі іске араласудың белгілі бір жасқа ғана тән еместігін аңғартады.
– Кейде «волонтерлікпен тек қана жастар айналысу керек» деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Бүгін өздеріңіз көріп тұрсыздар, форумға 30 бен 40 жастың арасындағы азаматтар да келіп қатысып жатыр. Олар өздерінің бос уақытын, өмірлік қағидаларын волонтерлікке, басқа азаматтарға, қоғамға өз үлесін қосуға жұмсап жүрген азаматтар, – деді Мади Ахметов.
Слет бағдарламасы да осы ойды аңғартады. Алғашқы күні «Jas Talks» еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, мемлекет, азаматтық қоғам және волонтерлер арасындағы әріптестік, әлеуметтік мәселелерді шешудегі волонтерліктің үлесі және белсенді волонтерден қоғамдық көшбасшыға дейінгі даму жолы талқыланды. Төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік мәдениеті мен азаматтық жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалмады. Бұл бағытта «Lider.kz» іздестіру-құтқару қозғалысының волонтері Медет Тұрғоженов өз тәжірибесімен бөлісті.
Жастардың экономикалық қауіпсіздігі, қаржылық сауаттылық және алаяқтықтың алдын алу мәселелері де сөз болды. Екінші күні қатысушылар арнайы семинарлар мен тренингтерге қатысып, волонтерліктің заманауи бағыттары бойынша тәжірибе жинақтайды. Білім, тіл және туризм арқылы жастар әлеуетін дамыту, халықаралық қаржыландыру мүмкіндіктері, мәдени мұраны қорғау, инклюзивті қоғам қалыптастыру, кәсіпкерлік және жасанды интеллект құралдарын волонтерлік қызметке енгізу мәселелері талқыланады.
Бағдарламаның маңызды бөлігі – «Brainstorming» жобалық сессиясы. Қатысушылар командаларға бөлініп, өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа әлеуметтік және волонтерлік жобалардың идеяларын әзірлейді. Яғни слет барысында волонтерлер дайын ақпаратты тыңдап қана қоймай, өз бастамаларын ұсынуға мүмкіндік алады. Бұл – белсенді азаматтан қоғамдық көшбасшыға дейінгі жолдың алғашқы қадамдарының бірі.
Үш күндік слет аясында білім мен тәжірибе ғана емес, мәдени және танымдық бағдарлама да қарастырылған. Кешкі уақытта концерттік бағдарлама, ашық микрофон және open-fest форматындағы кездесулер ұйымдастырылады. Ал шараның соңғы күні қатысушылар Кеген ауданына барып, Шарын шатқалында слеттің жабылу салтанатына қатысады. Кейін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экскурсия жасап, Алматы облысының табиғи көрікті жерлерімен танысады. Бұл бағдарлама волонтерлік қозғалыстың маңызды бағыттарының бірі – табиғатты қорғау тақырыбымен де сабақтасып жатыр. Экологиялық акциялар мен сенбіліктерге қатысып жүрген жастар үшін туған өлкенің табиғи мұрасын көзбен көру – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыра түсетін мүмкіндік. Бір қарағанда, волонтерлік қарапайым ғана әрекет секілді көрінуі мүмкін. Алайда қоғамдағы үлкен өзгерістердің бастауы көбіне осындай шағын істерден тұрады. Бір адамға көмектесу, табиғатты таза ұстау, қарттың жағдайын сұрау, қиындыққа тап болған жанға қолдау көрсету – барлығы азаматтық ұстанымның көрінісі.
Бүгінгі волонтер – тек көмек көрсетуші емес. Ол қоғамдағы мәселені көріп, оның шешімін іздейтін, өз идеясын ұсынатын және оны жүзеге асыруға ұмтылатын азамат. «VOLUNTEER FEST» те осы бағытты көздейді. Үш күн ішінде еріктілер тәжірибе алмасып, жаңа білім алып, өзара байланыс орнатып қана қоймай, өңірдің өзекті мәселелеріне қатысты жаңа жобалар әзірлемек. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Маңыздысы – адамның қоғамға пайдасын тигізуге деген ниеті мен оны нақты әрекетке айналдыра білуі. Слеттің басты идеясы да осыған келіп саяды: жақсылық жеке адамның әрекеті болып қалмай, көпшілікті біріктіргенде ғана үлкен қоғамдық күшке айналады. Алматы облысындағы волонтерлік қозғалыстың қалыптасып, дамып келе жатқаны – осының айқын көрінісі. Еріктілердің әрбір бастамасы, әрбір игі ісі қоғамдағы мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. «Жақсылық жасау – жүректен, ал жақсылықты бірге жасау – үлкен күш» деген Мадина Атайбаеваның сөзі «VOLUNTEER FEST» шарасының да негізгі мәнін дәл жеткізеді.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ