Перейти к содержимому
Главная страница » Жасампаз жастар – жарқын болашақ

Жасампаз жастар – жарқын болашақ

Бүгінде жас буын үшін тек жұмысқа орналасу ғана емес, тұрақты еңбек ету, лайықты жалақы алу, кәсіби тұрғыда дамып, өз әлеуетін толық жүзеге асыру да аса маңызды. Осыған байланысты жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, олардың еңбек нарығына бейімделуіне қажетті жағдай жасау, кәсіби біліктілігін арттыру және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау – мемлекеттік жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі.

   Алматы облысында 14-35 жас аралығында 432,7 мың жас бар. Бұл – өңір халқының 28 пайызы. Сондықтан олардың еңбекке араласуы мен экономикалық белсенділігін арттырудың маңызы зор. Биыл жыл басынан бері облыста 6 288 жас жұмыспен қамту шараларына тартылған. Оның ішінде 1 674-і тұрақты жұмысқа орналасса, 1 596 жас мемлекеттік субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген. Бұл жастарды еңбек нарығына тарту жұмыстарының ауқымды екенін көрсетеді.

Дегенмен жастардың өз мамандығына сәйкес жұмыс табуы, тәжірибе жинақтауы және сол жерде тұрақтап қалуы да маңызды. Әсіресе жоғары оқу орындары мен колледж түлектері үшін еңбек нарығына алғаш қадам жасау оңай емес. Дипломы болғанымен, тәжірибесі жоқ жас маман жұмыс берушінің талаптарына бірден сәйкес келе бермейді. Осы тұста «Жастар практикасы» мен «Алғашқы жұмыс орны» секілді бағдарламалардың маңызы зор. Биылдың өзінде 355 жас «Жастар практикасына» жолданған.

      – Мемлекеттік бағдарламалардың негізгі мақсаты – жастарды уақытша ғана жұмыспен қамту емес, олардың еңбек нарығында орнығуына мүмкіндік беру. Алғашқы жұмыс тәжірибесін алған жас өзінің кәсіби мүмкіндігін көрсетіп, кейін тұрақты қызметке орналасуға жол ашады. Қазіргі таңда облыс бойынша 1 760 бос жұмыс орны тіркелген. Оның ішінде жастарға ұсынылған 39 бос жұмыс орны бар. Сұранысқа ие бағыттардың қатарында білім беру және тәрбие саласы, медицина мен фармацевтика, өндіріс, HR және әкімшілік қызметтер, көлік және логистика салалары бар. Атап айтқанда, білім беру және тәрбие саласында – 12, медицина мен фармацевтикада – 7, өндірісте – 6, HR және әкімшілік қызметтерде – 4, көлік және логистикада – 4, біліктілікті қажет етпейтін жұмыс орындарында 3 бос орын ұсынылған. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығында нақты мамандарға сұраныс бар екенін аңғартады. Сондықтан жастардың мамандық таңдауы да еңбек нарығының талабымен үйлесуі қажет, – деді Мәди Абылайұлы.

       Шалғай елдімекендегі жастардың бос жұмыс орындары туралы ақпаратқа немесе кәсіпкерлік мүмкіндіктерге қолжетімділігі қала жастарына қарағанда шектеулі болуы мүмкін. Осыған орай Алматы облысында ауыл жастарына арналған бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Жастарға ақпарат» жобасы. Оның аясында елдімекендерде мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал «Кеңес орталығы» жобасы арқылы жастарға жұмысқа орналасу, кәсіпкерлік, мемлекеттік гранттар және құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріледі. Көшпелі жәрмеңкелер арқылы шалғай ауылдағы жастар жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, ұсынылған қызметтермен таныса алады. Сонымен қатар «JASYL EL» жастар еңбек жасақтары жобасы арқылы маусымдық жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылған. Биыл жоба аясында 1000 жасты жұмыспен қамту жоспарланған.

    Қазіргі жастардың барлығы бірдей жалдамалы жұмысты мақсат етпейді. Кейбірі жеке кәсібін ашып, өз идеясын жүзеге асыруға ұмтылады. Сол үшін мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген микрокредиттер, сондай-ақ кәсіпкерлік негіздеріне арналған оқыту бағдарламалары қарастырылған.

     – Биыл 540 жас «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Сонымен қатар жыл сайын облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 10 жасқа 1 миллион теңгеден қайтарымсыз грант беріледі. Бұдан бөлек, 2024 жылы «Zhas Project» гранттық бағдарламасы аясында 20 жас мемлекеттік қолдауға ие болып, өз жобаларын іске қосқан. Олардың қатарында әлеуметтік кәсіпкерлік, білім беру, медиа, өндіріс және қызмет көрсету салаларындағы жобалар бар. Бұл жерде қаржылай қолдаумен қатар, кәсіпкерлік сауаттылықтың да маңызы зор. Себебі бизнес бастау үшін тек қаражаттың болуы жеткіліксіз. Жас кәсіпкер нарықты зерттеп, қаржы мәселесін есептеп, тұтынушы сұранысын түсінуі қажет, – деді Мәди Абылайұлы.

     Жұмыспен қамту мәселесінде ең күрделі бағыттардың бірі – оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби білім алуға қатыспайтын NEET санатындағы жастар. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Цифрлық отбасы картасының мәліметіне сәйкес, Алматы облысында қазіргі таңда 16 817 NEET жас бар. Бұл жалпы жастар санының 3,89 пайызы. Дегенмен соңғы жылдардағы динамика көңілге үміт ұялатады. 2023 жылы облыста NEET санатындағы жастар саны 45 900 адам болса, бүгінде бұл көрсеткіш 16 817-ге дейін төмендеген. Яғни үш жыл ішінде олардың саны 29,1 мың адамға немесе 63,4 пайызға қысқарған. Ал жыл басынан бері көрсеткіш тағы 2 892 адамға азайған. Бұл жұмыста цифрлық технологиялардың маңызы артып отыр. Цифрлық отбасы картасы арқылы жастардың жұмыспен қамтылуы, білімі және әлеуметтік мәртебесі туралы мәліметтер жинақталады. Соның негізінде жастар ресурстық орталықтары, мансап орталықтары мен жергілікті атқарушы органдар әр жаспен жеке жұмыс жүргізеді. Яғни бұрынғыдай жалпы ақпарат берумен шектелмей, нақты жасқа нақты ұсыныс жасауға мүмкіндік пайда болды.

     Жастардың жұмысқа орналасуында тек бос орынның болуы жеткіліксіз. Еңбек ақысының көлемі де маңызды рөл атқарады. Қазіргі жас маман жұмыс іздеген кезде жалақымен қатар еңбек жағдайына, әлеуметтік пакетке, мансаптық өсу мүмкіндігіне және кәсіби дамуға да мән береді. Бұл ретте тәжірибесі жоқ жас маманның алғашқы жалақысы жоғары болмауы мүмкін. Бірақ алғашқы жұмыс орны тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Кейін кәсіби біліктілігі артқан сайын оның еңбек нарығындағы құны да жоғарылайды. Облыстағы жоғары жалақы қалыптасқан салалардың қатарында сақтандыру және қаржы қызметтері, ақпарат және байланыс, инженерлік қызметтер және өңдеу өнеркәсібі бар. Сондықтан жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие әрі табысы жоғары салаларға бағыттау маңызды. Сонымен қатар цифрлық платформалар еңбек нарығының маңызды құралына айналды. Жастар Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын қарап, онлайн өтініш бере алады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, жұмыс іздеуші мен жұмыс берушінің тікелей байланысуына мүмкіндік береді.

Ал жастар ресурстық орталықтары бос жұмыс орындары жәрмеңкесін, мансап күндерін, кәсіпорындарға экскурсиялар мен жұмыс берушілермен ашық кездесулер ұйымдастырады.

      Басқарма басшысының айтуынша, жастарды жұмыспен қамтуда басты назар тұрақты нәтижеге бағытталуы керек.

     – Біздің негізгі мақсатымыз – жасты кез келген жұмысқа орналастыру ғана емес, оның еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасау. Ол үшін кәсіптік бағдар, қысқа мерзімді оқыту, кәсіпкерлікке қолдау және жұмыс берушілермен тікелей байланысты қатар дамыту қажет. Әсіресе жастардың тұрақты жұмыста қалуына басымдық беріледі, – дейді ол.

     Жастар – еңбек нарығының ең белсенді бөлігі. Олардың бойындағы білім мен күш-қуат, жаңа идея өңір экономикасының дамуына серпін береді. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жастарды қолдауға арналған. Өйткені жасампаз жастар – жарқын болашақ кепілі.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ