Перейти к содержимому
Главная страница » Жастарға өнеге

Жастарға өнеге

Қайнар ауылдық орта мектебінде Чернобыль қаһарманы, Қайнар ауылының төл перзенті, ақын Ерлан Әбдіқалов пен көрнекті шығыстанушы-ғалым, айтулы аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің, «Алтын қалам», Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлық­тарының иегері, Райымбек ауданының Құрметті азаматы, Рамазан Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының бас директоры, филология ғылым­дарының докторы, профес­сор Дүкен Мәсімханұлымен «Мен сізді үлгі тұтамын» атты тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға ғалымдар, Чернобыль апатының ардагерлері, мектеп мұғалімдері, оқушылар және ауыл тұрғындары қатысты.
Хантәңірі өңірі – текті сөздің, терең ойдың, рухани қазынаның бастауы. Осы аймақтың әдебиеті мен мәдени мұра­сын зерттеп, оның асыл қазыналарын бүгінгі ұрпаққа жеткізу тарапында да ерекше тер төгіп жүрген көрнекті ғалымдардың бірі – профессор Дүкен Мәсімханұлы.
Ғалымның зерттеу бағытының бір саласы осы өңірден шыққан батырлардың, ақын-жазушылардың, ойшылдар мен тарихи тұлғалардың мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеуге, олардың ұлттық руханияттағы орнын айқындауға бағытталған. Сондықтан бұл кездесу тек танымдық шара ғана емес, ауыл жұртшылығы мен жас буын үшін ерекше тағылымды рухани басқосу болды.
Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақты туған жердің рухани тамы­ры­мен таныстыру, ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу, отан­сүйгіштік сезімін қалып­тастыру, сондай-ақ оқушы­лардың ғылым мен әдебиетке деген ынтасын ояту.
Кездесу барысында ақын Ерлан Әбдіқалов пен ғалым Дүкен Мәсімхан­ұлы оқушылардың «Бетпе-бет» жобасы ауқымында еркін сұхбат құрып, олар­дың қойған сұрақтарына шынайы һәм жан-жақты жауап берді. Ғалым ұлттық болмысты сақтау, туған еліне қызмет етудің, ғылым жолында табанды болудың, ізденіс пен талмай еңбек­тенудің маңызын жете түсіндірді. Сонымен қатар ақын Ерлан Әбдіқалов ел тарихын, жер тарихын терең білу – әр азамат­тың парызы екенін ерекше атап өтті.
Профессор Дүкен Мәсімханұлы бүгінгі ұрпаққа бағытталған ой-толғамында: «Ел ертеңі – ауылда. Ауылының рухы биік елдің ғана болашағы жарқын», – деген мазмұнды пікірлерін де ортаға салды. Әңгіме барысында кеш қонақтары өздерінің жастық шағы, ғылымға алғаш қадам басқан кезеңдері, алғашқы ізденістері, алғашқы өлеңі мен өмірлік тәжірибесін мысалға ала отырып, жасөспірімдерге бағыт-бағдар боларлық ойларымен бөлісті. Осы әңгімелер оқушылардың ғылымға, шығармашылыққа деген ықыласын арттырып, оларды биік мақсаттарға ұмтылуға жігерлeндірді. Шара барысында оқушылар қонақ­тардың патриоттық бағыттағы өлеңдерін жатқа оқып, шығармалары негізінде шағын сахналық көріністер қойды. Бұл қойылым кездесудің рухани мазмұнын одан сайын байытып, оқушылардың отаншылдық сезімін шыңдаумен қатар, залдағы көрерменнің көзіне жас үйірді.
Кездесуге осы өңірдің әнші-жыршы, ақындарымен қоса, Алматыдан арнайы ат арылтып келген белгілі ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Биғайша Медеуова, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, география ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы-ғалым, ақын Қастер Сарқытханұлы, фило­софия ғылымдарының докторы, белгілі шығыстанушы-ғалым Айнұр Әбиденқызы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің докторанты, тарихшы-шығыстанушы Ертай Жомарт сынды қаламгерлер қатысып, кеш қонақтары Ерлан Әбдіқалов пен Дүкен Мәсімханұлының өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне жоғары баға берді.
Ақын Биғайша Медеуова өз сөзінде: «Ауыл мектебінен қанаттанып ұшқан төл перзенттерін шақырғанына, сондай-ақ ақынның сана биігі деңгейіне лайық іс-шара өткізе алғанына, сондай-ақ Хантәңіріндей сана биігіне көтерілген тұлғаның ой-пікірін жас буынның қабылдап отырғанына ерекше тәнті болдым» – дей келе ақын Ерлан Әбдіқаловтың иығына шапан жапты.
Шара барысында ақын Ерлан Әбдіқаловтың «Сырласым да, мұңдасым да – өлеңім» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, көпшілікке үлестірілді. Ақын өз кезегінде сөз алып, «Батырдың аты өлмейді» атты арнайы стендті мектепке тарту етті.
Кездесу соңында оқушылар ғылым, әдебиет, шығармашылық, мамандық таңдау, тұлғалық даму және елге қызмет етуге қатысты түрлі сауалын қойып, кеш қонақтарынан тұщымды жауаптар алды. Еркін пікір алаңы оқушылар үшін үлкен мотивация болды. Ақындардың жүрекжарды тілектері мен құнды кеңестері оқушыларға ерекше жігер беріп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтты. Жылы атмосферада өткен бұл басқосу жас буынның рухани өсуіне, елге деген сүйіспеншілігінің артуына айрықша ықпал еткеніне күмән жоқ.
Шара ұйымдастырушысы, Қайнар орта мектебінің директоры Рая Жұмаділқызы кездесуді қорытындылай келе: «Бұл басқосу өткеннің аманатын бүгінге жеткізіп, бүгіннің үмітін ертеңге жалғайтын рухани көпір», – деп бағалады.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы