Перейти к содержимому

Жастармен жұмыс – жауапты міндет

78 қаралым

Қонаев қаласында жастармен жұмыс істейтін мамандардың басын қосқан «JAS QADAM» жастар слеті өтті. Екі күнге жоспарланған шараға Алматы облысының 9 ауданы мен 2 қаласынан 100-ге жуық жастар ісі жөніндегі комитет төрағалары мен әдіскер-нұсқаушылар қатысты.

      Облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараның мақсаты – жастармен жұмыс істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, жаңа идеялар қалыптастыру және алдағы жұмыс бағыттарын айқындау.

      Слеттің ашылу салтанатында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов қатысушыларға ізгі тілегін  білдірді. Ол жастармен жұмыс істейтін мамандардың маңызды міндеттер атқарып жүргенін атап өтіп, слет барысында жаңа тәжірибе мен пайдалы ақпарат алуға шақырды.

Слеттің алғашқы күні «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы сенбіліктен басталды. Одан кейін қатысушылар жастармен жұмыс барысында қажет болатын заманауи дағдыларды меңгеруге мүмкіндік алды. Слетке мемлекеттік қызмет, жастар саясаты, бизнес, медиа, IT және құқық қорғау салаларында тәжірибесі бар мамандар шақырылды. Олар заманауи контент жасау, әлеуметтік желілерді жүргізу, көпшілік алдында сөйлеу, мәтін дайындау және цифрлық қауіпсіздік бойынша келелі кеңестер берді. Сонымен қатар жастар арасында есірткінің алдын алу, радикалды идеология мен экстремистік идеялардан сақтану мәселелері де қозғалды.

    Мәди Абылайұлы мұндай басқосудың жылына бір рет ұйымдастырылуы мамандар үшін тәжірибе алмасудың тиімді мүмкіндігі екенін атап өтті.

     – Алматы облысында 9 аудан, 2 қала және 100-ден астам ауылдық округте жастармен жұмыс істейтін мамандар бар. Сондықтан олардың бір жерде бас қосып, тәжірибе алмасуы маңызды. Мысалы, бір ауданда жақсы нәтиже көрсеткен жобаны басқа аудан өз жұмысына енгізуі мүмкін. Негізгі мақсатымыз – тәжірибе бөлісу және алдағы жартыжылдықтағы жұмысымыздың бағытын айқындау, – деді ол.

      Слет барысында «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Адал еңбек» қағидаттарын жастар арасында насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелеріне де назар аударылды.

Айта кетейік, аталған шара Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылды. Екі күндік слет тек білім алумен шектелмеді. Бағдарлама аясында қатысушылар спорттық және зияткерлік сайыстарға, шығармашылық кештер мен концерттік бағдарламаға қатысты. Сонымен қатар Қонаев қаласының көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылды. Осылайша, «JAS QADAM» жастармен жұмыс істейтін мамандардың басын қосып, кәсіби тәжірибе алмасуына, жаңа идеялар қалыптастыруына және алдағы жұмысқа тың серпін алуына мүмкіндік берген мазмұнды алаңға айналды.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ