Жастардың жұмыс іздеуі – қалыпты жағдай. Алайда соңғы уақытта «тәжірибе қажет емес», «бір күнде көп ақша табасың» деген ұсыныстардың арасында заңсыз әрекетке тартатындары да кездеседі.
Қылмыскерлер өз әрекетін әдейі жеңіл етіп көрсетуі мүмкін. Біреуге белгілі бір затты жеткізу, белгіленген жерге пакет қалдыру немесе басқа адамның тапсырмасын орындау сырттай қарағанда қарапайым жұмыс секілді көрінеді.
Алайда оның заңсыз екенін түсінгеннен кейін «мен білмедім» деген сылтау жауапкершіліктен құтқара бермейді.
Сондықтан кез келген жұмыс ұсынысын қабылдамас бұрын оның мазмұнын, жұмыс берушіні және міндеттерді анықтап алған жөн. Әсіресе жеке басын жасыратын, тек мессенджер арқылы байланысатын адамдардың ұсыныстарына аса сақтықпен қарау қажет.
Оңай табыс туралы ұсыныс қаншалықты тартымды көрінсе де, оның заңдылығына көз жеткізбей әрекет етуге болмайды.
Бір күндік ақша үшін болашақты тәуекелге тігу – ешқашан тиімді таңдау емес.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
