Перейти к содержимому
Главная страница » ЖЕР ҚАДІРІН БІЛГЕННІҢ НЕСІБЕСІ МОЛ

ЖЕР ҚАДІРІН БІЛГЕННІҢ НЕСІБЕСІ МОЛ

Жаздың аптап ыстығында дала төсіндегі еңбек қыза түседі. Көз ұшына дейін созылған егіс алқабында жайқалған көк желек, қатар-қатар болып өскен қауын-қарбыздар бір қарағанда-ақ көңілге қуаныш сыйлайды. Бірақ сол көріністің ар жағында қаншама бейнет пен маңдай тер жатқанын бірден аңғару мүмкін емес.

Жердің тілін тауып, оның әр сүйемін кәдеге жарату – шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін жұмыс. Бүгінде ауылда кәсіптің осы бір берекелі түрін қолға алып, еңбегінің жемісін көріп жүрген азаматтардың бірі – Бақбақты ауылының тұрғыны, «Айбек» жеке кәсіпкерлігінің иесі Абзал Нұрғали.
Кәсіпкер биыл алғаш рет бақша шаруашы­лығына ден қойған. Алғашқы қадамына тәуекел мен жауапкершілікті қатар алып, 6 гектар жерді жалға алған. Оның 5 гектарына қауын-қарбыз, 1 гектарына қияр, асқабақ, қызылша және басқа да көкөніс түрлерін еккен.
Бүгінде сол еңбектің нәтижесі көз қуантады. Алқаптан шамамен 40 тоннаға жуық өнім жиналған. Ал бұл – бақша шаруашылығын алғаш рет қолға алған азамат үшін аз көрсеткіш емес.
– Басында, әрине, қобалжу болды. Өйткені мұндай көлемде бақша өнімдерін бұған дейін өсіріп көрмеген едім. Бірақ жерді дұрыс дайындап, сапалы тұқым таңдап, уақытылы суарып, күтім жасауға мән бердік. Еңбек етсең, нәтиже де болады екен, – дейді Абзал Манатұлы.
Шаруаның айтуынша, бақша өнімінің бітік шығуы тек тұқым мен суға ғана байланысты емес. Әр кезеңді өз уақытында атқару қажет. Тұқымның сапасы, топырақтың жағдайы, суару тәртібі, тыңайтқышты дұрыс пайдалану, арамшөптер мен зиянкестерден қорғау, мұның бәрі өнім көлеміне тікелей әсер етеді.
Кәсіпкер бұл бағытта заманауи техноло­гияларды да тиімді пайдалануға тырысады. Соның бірі – тамшылатып суару жүйесі. Суды ысырап етпей, өсімдікке қажетті мөлшерде жеткізетін бұл әдісті іске қосу үшін қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражатына алған. Яғни кәсібінің болашағына сенген ол табысын қайтадан шаруасына салып, өндірісін дамытуға ұмтылып отыр.
Мол өнім алуға ықпал еткен тағы бір фактор – отандық табиғи «BIOMAK» тыңайтқышын қолдануы. Оны пайдалану бойынша «BIOMAK» компаниясының директоры Мұқтар Асанов кеңес берген.
Табиғи құрамды тыңайтқыш топырақтың құнарын арттырып, өсімдіктің жетілуіне ықпал етеді. Абзал Манатұлының айтуынша, оны қолдану нәтижесінде қауын-қарбыздың сапасы жақсарып, өнім көлемі де күткеннен жоғары болған.
Ал жиналған өнім қайда кетеді? Бұл да ауыл тұрғыны үшін маңызды мәселе. Кәсіпкер өнімді Бақбақты және Бақанас ауылдарындағы азық-түлік дүкендеріне көтерме бағамен жеткізеді. Осылайша, өз еңбегінің жемісін сатып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды табиғи әрі сапалы өніммен қамтамасыз етуге үлес қосып отыр.
Бұл шаруаның артында бір адамның ғана еңбегі тұрған жоқ. Кәсіпкерге жақындары мен туған-туыстары қолдау көрсетсе, әріптесі Өмірбек Жұмашов бақша жұмысын ұйымдастыруға, өнімді күтіп-баптауға және жиын-терінге белсенді атсалысып келеді. Ал науқан кезінде қосымша жұмысшылар да тартылады. Олардың еңбекақысы атқарған жұмысына қарай уақытылы төленеді.
Ауыл шаруашылығы – маусымдық еңбекпен ғана шектелмейтін, күн сайынғы жауапкершілікті талап ететін сала. Бір күнгі салғырттықтың өзі ертеңгі өнімге әсер етуі мүмкін. Сондықтан диқан үшін таңның атысы мен күннің батысы егіс басында өтеді.
Жаздың қақаған ыстығы да, ауа райының құбылуы да еңбекті тоқтатпайды. Себебі жерге себілген тұқымнан өнім алу үшін оны соңына дейін баптау керек.
Абзал Манатұлы алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Оның жоспары – келесі жылы бақша көлемін екі есеге ұлғайтып, шағын трактор және қажетті ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу. Ол үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да маңызды.
– Бақша шаруашылығымен тұрақты айналысатын азаматтарға қайтарымсыз гранттар немесе төмен пайызды жеңілдетілген несиелер берілсе, ауыл тұрғындарының бұл кәсіпке деген қызығушылығы артар еді. Өзім де шаруашылығымды кеңейткім келеді. Ол үшін техника қажет, – дейді кәсіпкер. Расымен де, ауылдың әлеуетін арттыратын негізгі күш – еңбек. Жерді бос қалдырмай, одан өнім өндіру – бір отбасының ғана емес, тұтас елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қосылған үлес.
Бақша алқабына көз салғанда сап түзеген қауын-қарбыздарды ғана көресіз. Ал оның ар жағында ерте көктемнен басталған жұмыс, тынымсыз күтім, суару, арамшөппен күрес, аптап ыстыққа төтеп беру және өнімді дер кезінде жинау секілді сан түрлі еңбек жатыр.
Біз барған күні піскен қарбыздардың сыңғырлаған салмағы мен аңқыған қауын­дардың хош иісі даланы ерекше бір күйге бөлеп тұрды. Бұл – жердің берекесі ғана емес, адам еңбегінің нәтижесі.
«Жер – ырыстың кіндігі» дейді халқымыз. Ал сол ырысты еселей білетін – жердің қадірін түсініп, еңбектенуден жалықпайтын азамат. Абзал Манатұлының бүгінгі еңбегі – соның бір көрінісі. Бір ғана маусымның нәтижесі оның ауыл шаруашылығына деген қызығушылығын арттырып, алдағы күнге деген жоспарын нақтылай түскен. Ең бастысы, ол жерден несібе күтумен ғана шектелмей, сол несібені маңдай терімен теріп жүр. Осындай еңбек адамдары көбейген сайын ауылдың да ажары кіріп, берекесі арта түсері анық. Өйткені жерге еңбек сіңіргеннің ырысы қашанда мол.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Балқаш ауданы