Жол қозғалысы қауіпсіздігі жүргізушілердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігіне байланысты. Жолда әркім белгіленген талаптарды сақтап, өзгенің құқығына құрметпен қараған жағдайда ғана қауіпсіз орта қалыптасады. Сондықтан жол мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Көптеген жол-көлік оқиғалары асығыстықтың, жауапсыздықтың және жол ережелерін елемеудің салдарынан орын алады. Жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қауіпті маневр жасау немесе бағдаршам талаптарын сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Мұндай әрекеттер адамның өз өміріне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді.
Жаяу жүргіншілер де жол қозғалысының толыққанды қатысушысы екенін ұмытпауы қажет. Жолды белгіленген жерден кесіп өту, бағдаршамның рұқсат белгісін күту және көлік қозғалысына мұқият қарау – әр адамның қауіпсіздігі үшін маңызды талаптар. Құқық қорғау органдары жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп, жүргізушілер мен тұрғындарға жол қозғалысы ережелерінің маңызын түсіндіруде. Мұндай шаралар қоғамда жауапкершілік пен жол мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Жолдағы қауіпсіздік – күнделікті тәртіптен басталады. Әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол ережелерін бұлжытпай орындап, бір-біріне құрметпен қараса, жол-көлік оқиғаларының саны азайып, адам өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік артады.
Құралбек СӘБИТОВ

