Перейти к содержимому
Главная страница » Зорлық-зомбылықсыз болашақ

Зорлық-зомбылықсыз болашақ

Ұйғыр ауданына қарасты Кіші Дихан ауылдық округінде қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында маңызды кездесу өтті. Атап айтқанда, Кіші Дихан ауылындағы М.Теипов атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Салауатты сана» жобасы аясында «Зорлық – зомбылықсыз болашақ» тақырыбында тағылымды басқосу ұйымдастырылды. Іс-шара ауылдық Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен өтті.

Кездесудің басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы институтының маңызын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және адамдар арасындағы сыйластық пен түсіністікке негізделген қарым-қатынасты қалыптастыру болды. Шараға Кіші Дихан ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары, аналар кеңесінің мүшелері, ауыл имамы және ауыл тұрғындары қатысып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Кездесу барысында қатысушылар «Зорлық-зомбылықсыз болашақ» тақырыбын жан-жақты талқылап, отбасындағы татулық пен өзара сыйластықтың қоғам тұрақтылығы үшін маңызы зор екеніне тоқталды. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, құқықтық сауаттылықты арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, ұлттық тәрбиенің рөлі, ата-ананың балаға беретін өнегесі мен жауапкершілігі де назардан тыс қалған жоқ.

Ауыл имамы өз сөзінде адамгершілік, мейірім мен сабырлық секілді құндылықтардың отбасындағы татулықтың негізі екенін атап өтіп, қандай жағдайда да зорлық-зомбылыққа жол бермеу керектігін жеткізді. Ал аналар кеңесінің мүшелері отбасыдағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айтып, жастарды дұрыс тәрбие беруге шақырды.

Сонымен бірге, кездесуде қоғамда сенім мен құрметке негізделген қарым-қатынасты қалыптастыру, жанжалдардың алдын алу және қиын жағдайларда дұрыс шешім қабылдау жолдары талқыланды. Осы тұста бабаларымыздың сара жолы ақсақалдардың ақылымен жүрген жастар жайы да сөз болды. Ұлттық құндылықтардың ұлықталуы осындай қажеттігі де айтылды. Жиында қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, ауыл қарттары өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ