Перейти к содержимому

АЗАМАТ ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

34 қаралым

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен азаматтардың заңды құқықтарын қорғау

Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасы – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

Күнделікті өмірде азаматтар әлеуметтік көмек алу, құжаттарды рәсімдеу, көші-қон мәселелерін шешу және басқа да көптеген мемлекеттік қызметтерге жүгінеді. Мұндай кезде қызметтің тек көрсетілуі ғана емес, оның заңда белгіленген тәртіппен, белгіленген мерзімде және сапалы түрде ұсынылуы аса маңызды.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаменті мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты азаматтардың өтініштерін зерделей отырып, анықталған бұзушылықтарды жоюға және азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдайды.

Ағымдағы тоқсанда қаралған екі өтініш осы жұмыстың нақты мысалы бола алады. Бірі – атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесіне, екіншісі – көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметке қатысты.

АӘК тағайындау кезінде отбасының жағдайы толық бағалануы тиіс

Бірінші өтініште азамат атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартуға қатысты шағым білдірген.

Өтінішті қарау барысында осы мемлекеттік қызметке қатысты барлық қажетті материалдар сұратылып, зерделенді. Оның ішінде өтініш, отбасының материалдық жағдайын тексеру актісі, комиссия қорытындысы, ақпараттық жүйелердегі мәліметтер және өзге де құжаттар қаралды.

Тексеру барысында отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде барлық мән-жайлардың толық әрі объективті түрде зерттелмегені анықталды.

Атап айтқанда, комиссия азаматтың көрсетілген мекенжайда тұрмайтыны туралы қорытынды жасаған. Алайда бұл қорытындыны тиісті объективті құжаттық дәлелдермен растау болмаған.

Ал отбасының мекенжайында алғашқы бару кезінде азаматтың болмауы оның сол жерде тұрмайтынын автоматты түрде білдірмейді. Кейіннен қайта зерделеу жүргізілген және азамат комиссия мүшелерін қабылдаған.

Бұл ретте отбасының нақты әлеуметтік-материалдық жағдайына жан-жақты баға беру қажет болатын. Себебі атаулы әлеуметтік көмекке құқықты анықтау кезінде отбасының нақты табысы, тұрмыс жағдайы және заңнамада белгіленген басқа да критерийлер кешенді түрде бағалануы тиіс.

Сонымен бірге тексеру кезінде комиссияның жұмысына қатысты рәсімдік мәселе анықталды. Бекітілген комиссия құрамында жеті адам болғанымен, алғашқы зерделеу кезінде олардың тек екеуі қатысқан.

Осы жағдайлар комиссия қорытындысының қабылдану тәртібіне құқықтық баға беруді қажет етті.

Нәтижесінде азаматтың өтінішінде келтірілген уәждердің бір бөлігі негізді деп танылып, анықталған бұзушылықтарды жою, азаматтың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шаралар қабылдау және АӘК тағайындау туралы өтінішті заң талаптарын ескере отырып қайта қарау жөнінде тиісті шаралар қабылдау көзделді.

Бұл ретте аталған жағдайдың маңызды сабағы – азаматтың әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде кез келген қорытынды нақты және объективті дәлелдерге негізделуі керектігі.

Көші-қон саласында мерзімнің сақталуы маңызды

Екінші өтініш шетелдік азаматқа Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызметке қатысты болды.

Бұл өтініш бойынша Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Тексеру нәтижесінде құжаттарды алғашқы ұсыну кезінде олардың қайтарылғаны, алайда мемлекеттік қызмет көрсетуден немесе құжаттарды қабылдаудан бас тартудың нақты себептері тиісті жазбаша түрде көрсетілмегені анықталды.

Кейіннен қызмет көрсетуге қажетті құжаттардың толық топтамасы қабылданған.

Алайда мемлекеттік қызметтің белгіленген мерзімі де сақталмаған.

Қолданыстағы талаптарға сәйкес, бұл мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі 45 күнтізбелік күнді құрайды. Нақты жағдайда қызмет көрсету мерзімі 35 күнтізбелік күнге бұзылған.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі – жай ғана техникалық талап емес. Ол қызмет алушының мемлекеттік органнан қызметті заңда белгіленген уақытта алу құқығын қамтамасыз ететін маңызды кепілдік.

Сонымен қатар мемлекеттік қызмет нәтижесі де тиісті түрде рәсімделуі қажет. Егер заңда көзделген негіздер болған жағдайда қызмет көрсетуден бас тартылса, азаматқа бас тартудың нақты және уәжді себептері көрсетілуге тиіс.

Осыған байланысты тексеру нәтижелері тиісті органға жолданып, анықталған бұзушылықтарды жою, қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдау және осындай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу жөнінде тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі көрсетілді.

Сонымен бірге жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру және тәртіптік жауапкершілік мәселесін қарау қажеттілігі де көтерілді.

Бұзушылықты анықтау ғана емес, оны жою маңызды

Жоғарыда көрсетілген екі жағдай мемлекеттік қызмет көрсету саласында заң талаптарын сақтау қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.

АӘК бойынша – азаматтың отбасылық жағдайын толық және объективті бағалау, ал көші-қон саласында – белгіленген рәсімдер мен мерзімдерді сақтау басты талаптардың бірі.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде жіберілген әрбір кемшілік азаматтың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер етуі мүмкін. Сондықтан қызмет көрсетуші орган өз шешімін нақты деректерге сүйеніп қабылдауы және әрбір процессуалдық әрекетті заңға сәйкес жүргізуі қажет.

Ал мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаушы органның міндеті – мұндай бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың себептері мен жағдайларын зерделеу және оларды жоюға бағытталған шаралар қабылдау.

Бұл ретте азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мәселесі ерекше маңызға ие.

Өйткені мемлекеттік бақылаудың нәтижесі тек анықталған бұзушылықтар санымен өлшенбейді. Оның маңызды нәтижесі – азаматтың заңды құқығын нақты қорғау, анықталған кемшіліктерді жою және осындай бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу.

Заңға құрмет – сапалы қызметтің негізі

Мемлекеттік органның әрбір қызметкері азаматпен жұмыс барысында заң талаптарын сақтап, мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін нақты орындауға міндетті.

Өз кезегінде азаматтар да мемлекеттік қызмет алу барысында өз құқықтарын білуі қажет. Егер қызмет көрсету мерзімі бұзылса, құжаттарды қабылдау тәртібі сақталмаса немесе қабылданған шешім заң талаптарына сәйкес емес деп есептелсе, азамат белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.

Осындай өтініштер мемлекеттік қызмет көрсету жүйесіндегі нақты мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды жетілдіруге де мүмкіндік береді.

Азаматтың құқығын қорғау – мемлекеттік қызмет сапасының басты өлшемдерінің бірі.

Сондықтан мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы әрбір шешім заңды, негізді, ашық және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталуы тиіс.

Мемлекеттік қызметтің сапасы – халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімінің маңызды негізі. Ал азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіру – осы сенімді нығайтудың нақты көрінісі.

Әлібекқызы Динара,

Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бас маманы