Жыл сайынғы дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл 1 тамызда басталды. Мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық уақытында аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсету және баланың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу.
Жаңа оқу жылы – әрбір оқушы үшін жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктердің бастауы. Балалардың мектепке алаңсыз келіп, қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуі – олардың сапалы білім алуына жасалған маңызды қадам. Бүгінде баланы мектепке дайындау барысында оған қажет нәрсенің бәрін сатып алу көптеген отбасы үшін оңайға соқпасы белгілі. Әсіресе көпбалалы және әлеуметтік осал топ санатына жататындар үшін қиын. Осы орайда Қонаев қалалық қазақ орта мектеп лицейінде білім алатын жоғарыда аталған санаттағы оқушыларға өңір кәсіпкерлері, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдарының, мұғалімдер мен ата-аналардың және басқа да қайырымды жандардың аталған акцияға белсене қатысып, өз үлесін қосып жатқандығын атап өткен жөн.
Акция «ИП Сухамбаева», «Сәттілік» дүкені, «Негіз» кәсіподақ филиалы, Қонаев қалалық әскери полиция бөлімшесі, қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма, қалалық полиция басқармасы, мектеп әкімшілігі мен жекелеген азаматтар көмекке зәру отбасының балаларына мектеп формасы, аяқ киім, сөмке, кеңсе тауарлары және басқа да қажетті оқу құралдарын алып беріп, жеткіншектердің жүректеріне жылу сыйлады. Жомарт жандар тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде 27 оқушыға жалпы көлемі 650 000 теңге болатын материалдық және қаржылай көмек берілді. Оқушылардың бір бөлігі мектеп сөмкелері мен кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді. Кейбіреулеріне мектеп формасы мен аяқ киім алынып, жаңа оқу жылына толық дайын болуына мүмкіндік жасалды.
Баланың мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз етілуі – оның оқуына деген сенімін арттырып, қатарластарының арасында өзін еркін сезінуіне ықпал етеді. Сондықтан мұндай игі жұмыстардың тәрбиелік мәні де, әлеуметтік маңызы да зор.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың білім алуға деген мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықты дәріптейтін мейірімге толы бұл шара кыркүйек айының соңына дейін жалғасады. Оқушылардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, оларға қолдау көрсету және сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады Осындай ауқымды қайырымдылық шарасына шама-шарқынша атсалысып, сауапты іс жасаған мәрт жандарға мектеп ұжымы тарапынан шексіз алғысымызды білдіреміз.
Айша КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ,
Қонаев қалалық қазақ орта
мектеп-лицейінің әлеуметтік педагогы