Перейти к содержимому

Еңбегі ел есінде

21 қаралым

Бір бойына тектілік, ірілік пен іскерлікті тоғыстырған, елінің сыйлы азаматы атанып, есімі жақсылар мен жайсаң­дардың қатарында құрметпен аталатын ардақты жан Абай Исабаев туралы сөз қозғамақпыз. Абай ағамыз мінезіне көркі сай, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, білімді азамат әрі өнегелі әке болды. Ол әрдайым айналасына жақсылық тілеп, өзгенің қуанышына балаша шаттанып жүретін еді.

Туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек еткен Абай Исабаев 1941 жылдың 21 желтоқсанында Райымбек ауданы Сүмбе ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Абай атындағы орта мектепті тәмамдап, еңбек жолын ұжымшарда қарапайым жұмысшыдан бастайды. 1959 жылы Алматы құрылыс техникумына оқуға түседі. 1962 жылы құрылыс технигі мамандығын алып, ұжымшарда шебер болып жұмыс сітейді.
Жас маман еңбексүйгіштігі мен батылдығының арқасында 1967 жылдан Нарынқол құрылыс мекемесінде прораб, өндірістік техникалық бөлімінің бастығы, бас инженер, 1974 жылдан аталған мекеменің төрағасы қызметіне дейін көтеріледі. 1978-1984 жылдары өндірістен қол үзбей Алматы архитектура-құрылыс институтын бітіріп, инженер мамандығын алып шығады. Нарынқол мен Кеген өңірінде мектеп, балабақша, Мәдениет үйі, су құбырлары, тұрғын үйлер салуда ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Нарынқолдағы «Ақбұлақ» лагерінің құрылысына, оны су құбыры, жылу жүйесімен қамтамасыз етуге, ұзындығы 400 метр болатын аспалы жолы бар шаңғы базасын жасауға тікелей атсалысты. Сонымен қатар Қарасаздағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінің құрылысына араласты. Ақынның 60 жылдық мерейтойында Шалкөдеге баратын жолдың жөндеу жұмыстарын жүргізді.
Өз ісінің шебер ұйымдас­тыру­шысы ретінде Нарынқол құрылыс мекемесінің төрағасы, Нарынқол аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының құрылыс және өндіріс жөніндегі орынбасары болса, 1993-1999 жылдары Нарынқол жылу жүйелері мекемесінің жұмыс­тарын ұйымдастырып, барлық елді­мекендегі мектеп, емхана, ауру­хананы жылумен қамтамасыз етті. 1999-2005 жылдар аралығында зейнетке шыққанға дейін Нарынқол ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Ол отбасында да өнегелі отағасы болды. Зайыбы Жанаргүл екеуі екі ұлықты ұл, үш қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан тараған немерелер ата-апасының көз қуаныш­тары болды. Аяулы жары Жанаргүл Малдыбекқызы дүниеден озғаннан кейін Майра Мұсақызымен отбасын құрған.
Өзіне жүктелген міндетті жауапкер­шілікпен атқарып, құрылыс саласында ұзақ жыл жұмыс істеген ардагердің еңбегі лайықты бағаланды. 1990 жылы «Еңбек ардагері», Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық медальдарының иегері. Сондай-ақ облыстық атқару, аудандық комитеттің, мекемелердің Құрмет грамотасымен, «Еңбек екпіндісі» төсбелгісімен марапатталды, бірнеше рет ауылдық және аудандық халық депутаттар кеңесіне депутат болып сайланған, Райымбек ауданының Құрметті азаматы.
Абай ағамыз 2016 жылдың тамыз айында дүниеден озды. «Жақсының аты өлмейді» деген. Осындай өмірі өнегеге толы атпал азаматтың есімі ескерусіз қалып барады. Туған жері – Сүмбе ауылында бой көтерген спорт кешені Абай ағамыздың атымен аталса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл – ауылдастары атынан айтылған ұсыныс.
Ұрпаққа үлгі, ел игілігіне өзінің ұйымдастырушылық қабілетін кеңінен көрсетіп, көптеген жаңашыл істің ұйытқысы болған Абай Исабаев туралы айтылар тағылымды әңгіме таусылмайды. Себебі елі үшін маңдай терін төккен еңбек адамы қашанда халқымен бірге жасай береді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Райымбек ауданы