Перейти к содержимому

Есімі ел жадында

14 қаралым

Қазақ тарихы – елдің басынан өткен қилы кезеңдер мен сол замандарда халықтың тағдырына араласқан тарихи тұлғаларына арналған ұлы шежіре. Әр дәуір өз батырын, өз биін, өз сөз ұстар азаматын дүниеге әкелген. Олар ел басына күн туған шақта қолына қару алып, жерін қорғап қана қоймай, бейбіт кезеңде халықтың бірлігін бекемдеп, дау-дамайды әділ шешіп, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық ғибратты із қалдырған. Солардың қатарында Сарыбай Айдосұлы ерекше аталады.

Биыл туғанына 205 жыл толып отырған Сарыбай би қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданының тарихымен біте-қайнасқан тұлға. Оның өмір сүрген ортасы, ел қорғаған қызметі, қоғамдық беделі мен есімімен байланысты тарихи орындар бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды рухани мұра. Сарыбай Айдосұлы 1821 жылы қазіргі Ұзынағаш ауылы маңында дүниеге келген. Бұл өлке – қазақ тарихындағы талай айтулы оқиғалардың куәсі болған қасиетті мекен. Осы өңірден небір шешендер мен билер, ақындар мен ел ағалары шыққан. Сарыбай да елдік дәстүрі берік ортада өсіп, ерте жастан ел ісіне араласқан.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында би болу – үлкен жауапкершілік. Би ел арасындағы дау-дамайды шешіп қана қоймай, халықтың сөзін сөйлеген, жұртты бірлікке шақырған, қажет жағдайда елдің саяси мәселелеріне араласқан. Сарыбай Айдосұлының да есімі ел ішінде ең алдымен әділдігімен және батырлық қасиетімен танылған. Бейбіт уақытта ел арасындағы мәселелерді шешсе, ел басына қауіп төнгенде қол бастап, жерін қорғауға атсалысты.
Сарыбай би өмір сүрген XIX ғасыр қазақ даласы үшін күрделі тарихи кезең болды. Бұл уақытта Алатау өңіріне сыртқы саяси күштердің ықпалы күшейіп, қазақ халқының жері мен елдігіне қауіп төнді. Әсіресе Қоқан хандығының жүргізген саясаты жергілікті халықтың тұрмысына ауыр әсер етті. Қазақ ауылдарынан түрлі алым-салық жиналып, елге қысым жасалды. Ел басына қиындық түскен кезде халық арасынан ел бастаған ерлер шықты. Солардың бірі – Сұраншы батыр болса, оның сенімді серіктерінің қатарында Сарыбай Айдосұлы да аталады.
Тарихи деректерде Сарыбайдың әскери жасақтарды ұйымдастыруға қатысып, ел қорғау ісінде батырлармен бірге жүргені айтылады. Бұл кезеңдегі қазақ жасақтарының күресі тек қарулы қақтығыс қана емес, елдің бірлігін талап еткен үлкен тарихи сынақ еді. Өйткені сыртқы жауға қарсы тұру үшін ең алдымен ел ішіндегі алауыздықты азайтып, халықты ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет болды. Сарыбай бидің қоғамдық беделі осындай тұста айқын көрінді. Ол елді ұйымдастыруға, жұртты бірлікке шақыруға, жауға қарсы күшті біріктіруге атсалысты.
1864 жылы Сайрам үшін болған шайқас сол кезеңдегі маңызды әскери оқиғалардың бірі болды. Ел қорғау жолындағы күресте Сұраншы, Сүттібай сияқты батырлармен бірге Сарыбай Айдосұлының да есімі аталады. Тарихи деректерде Сұраншы мен Сүттібай батырлар қаза тапқаннан кейін Сарыбайдың жасақтарға басшылық жасағаны жөнінде мәліметтер кездеседі. Бұл дерек оның қолбасшылық қабілеті мен ел тағдырына жауапкершілікпен қарағанын көрсетеді. Қазақ тарихында ел қорғаған батырлардың ерлігі ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп отырған. Өйткені халық өзіне қорған болған ерлерін ешқашан ұмытпаған. Сарыбай би туралы тарихи әңгімелердің бүгінгі күнге дейін сақталуының бір себебі де осында.
Елін сүйген ердің есімі ұмытыл­майды. Сарыбай бидің 205 жылдығы – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Өйткені туған жердің тарихын білу – өзіңді тану. Тарихи тұлғаны құрметтеу – елді құрметтеу. Ал елді құрметтеу – ұрпақтың азаматтық парызы.

Қарлығаш Мүшірова,
Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің ғылыми қызметкері
Жамбыл ауданы