Перейти к содержимому

Құқығыңды біл, өзіңді қорғай біл!

20 қаралым

Адамның өз құқығын білуі – құқықтық сауаттылықтың маңызды көрсеткіші. Құқығын білетін азамат заңсыздыққа тап болған жағдайда қайда және қалай жүгіну керектігін түсінеді, өз мүддесін заң аясында қорғай алады. Қазақстанның 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституциясында әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін тәсілдермен қорғауға, сот арқылы қорғалуға және заң көмегін алуға құқығы бекітілген.

Күнделікті өмірде азаматтың құқығы көптеген жағдайда кездеседі. Білім алу, еңбек ету, медициналық көмекке жүгіну, мемлекеттік органдарға өтініш білдіру, жеке өмірі мен ар-намысын қорғау – адамның негізгі құқықтарының қатарында. Сонымен бірге әр азаматтың заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу міндеті бар. Яғни құқық пен міндет бір-бірінен ажырамайды.

Құқық бұзылған кезде азамат мәселені өз бетінше дау-жанжал арқылы шешуге емес, заңды жолдарды пайдалануға ұмтылғаны жөн. Тиісті мемлекеттік органға өтініш беру, құқықтық кеңес алу немесе қажет болған жағдайда сотқа жүгіну – заңмен белгіленген мүмкіндіктер. Конституция азаматтарға мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініш жасау құқығын да береді.

Қазіргі қоғамда цифрлық ортадағы құқықтарды білу де аса маңызды. Әлеуметтік желіде адамның ар-намысына тиетін ақпарат тарату, жеке мәліметтерін рұқсатсыз жариялау немесе өзгенің фотосы мен деректерін заңсыз пайдалану түрлі құқықтық мәселеге әкелуі мүмкін. Сондықтан интернетте де әр әрекетіміздің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін ұмытпаған жөн. Жаңа Конституцияда цифрлық құқықтар мен дербес деректерді қорғау кепілдіктеріне де мән берілген.

Құқықтық сауаттылықты бала кезден қалыптастырудың маңызы зор. Жасөспірім өз құқығын ғана емес, міндетін де білгені дұрыс. Мектептегі тәртіпті сақтау, ұстаздар мен қатарластарына құрметпен қарау, буллингке жол бермеу, қоғамдық мүлікке зиян келтірмеу – құқықтық мәдениеттің қарапайым көріністері. Өз құқығын талап ету өзгенің құқығын бұзуға мүмкіндік бермейді.

Ең бастысы, өз құқығын білу – заңды өз пайдаңа ғана қолдану деген сөз емес. Нағыз құқықтық мәдениет адамның өзіне берілген құқықпен қатар, айналасындағы адамдардың да құқықтарын құрметтеуінен көрінеді. Заң алдында бәрінің тең болуы – әділетті қоғамның негізгі қағидаларының бірі.

Сондықтан әр азамат заңды білуге, құқықтық сауатын арттыруға және мәселелерді өркениетті, заңды жолмен шешуге ұмтылғаны жөн. Өз құқығыңды білсең – өзіңді қорғай аласың. Ал заңды құрметтеген азаматтар көбейген сайын қоғамдағы тәртіп пен әділет те нығая түседі.

Ұлбосын ӘКІМХАН, Текес ауылдық

дәрігерлік амбулаториясының мейірбикесі

Райымбек ауданы