Алатау қаласында мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін дамытып, сүйікті ісін табысты кәсіпке айналдырып жүрген жандардың қатары артып келеді. Солардың бірі – көпбалалы отбасы санаты бойынша мемлекеттік грант иегері атанған Әйгерім Бейбітқызы Нұржан.
2025 жылы гранттың 1-легі бойынша кәсіпкер «Ілмек бізбен тоқылатын ойыншықтар бизнесі» жобасын жүзеге асыру үшін 400 АЕК көлемінде, яғни 1 582 000 теңге мөлшерінде мемлекеттік грантқа ие болды.
Кәсіпкер үшін бұл грант жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өз кәсібін бастауға және оны одан әрі дамытуға маңызды қолдау болды. Кәсіпкердің негізгі бағыты – ілмек бізбен тоқылатын, балаларға арналған ойыншықтар өндіру. Әрбір өнімді дайындауға ерекше ұқыптылықпен қарап, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмейтін материалдарды пайдалануға басымдық береді.
Қолдан жасалған ойыншықтардың ерекшелігі – олардың әрқайсысының өзіндік сипаты мен қайталанбас дизайнында. Кәсіпкердің қолынан шыққан бұйымдар балаларға қуаныш сыйлап қана қоймай, ата-аналар үшін де қауіпсіз әрі ерекше сыйлық ретінде сұранысқа ие.
Әйгерім Бейбітқызы үшін кәсіп – тек табыс көзі ғана емес, шығармашылық қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін сүйікті ісі. Өз еңбегі арқылы отбасылық кәсіпті дамытып, отандық қолөнер бұйымдарының қатарын толықтырып келеді.
Мемлекеттік гранттың басты мақсаты – азаматтардың кәсіп бастауына мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға жағдай жасау. Кәсібін дөңгелеткен кәсіпкердің тәжірибесі де мемлекеттік қолдаудың нақты іске айналып, азаматтардың өз кәсібін бастауына серпін беретінін көрсетеді.
Бүгінде жас кәсіпкер алдағы уақытта өнім түрлерін көбейтіп, кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Оның еңбегі – сүйікті істі табанды еңбек пен мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрақты кәсіпке айналдырудың жарқын мысалы.
Гүлназ ЖОЛДЫБАЕВА,
қоғамдық кеңестің мүшесі
Алатау қаласы