Перейти к содержимому

Руханияттың алтын арқауы

14 қаралым

Тіл – халықтың рухы, ұлтың жаны, елдің айнасы. Ана тіліміз – халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл мұрасы, ұлттың болмысын айқындайтын құндылық. Қазақ халқы үшін тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – тарих, тағдыр, дәстүр мен руханияттың алтын арқауы.

Талғар аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – ұлттың жаны» атты мерекелік шара өтті. Жиынға мемлекеттік тілді әр салада насихаттап жүрген белсенді азаматтар, аудандағы мекемелердің, этно-мәдени орталықтардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Маңызды іс-шараны ашқан Талғар аудан­дық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева жиналған көпшілікті мерекемен құттықтап, ұлттың дамуындағы, мемлекеттік және қоғамдық қарым-қатынастағы ана тіліміздің орны мен маңызы туралы өз ойын ортаға салып, бұл тұрғыда ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жайында қысқаша айтып өтті.
– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсын­ұлы­ның туған күні – 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні ретінде тұрақты түрде тойланып келеді. Тіл – ұлттың жаны. Тіл – әрбір адамның басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсетін, адамның ғана емес, жалпы мемлекеттің құрылған кезінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі оның болмысын, тарихын, бүкіл салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бізге жеткізетін ең маңызды рухани құндылық.
Біздің Талғар ауданында көптеген этнос өкілі тұратындықтан, жарнамаға, көрнекілікке, атаулардың жазылуына байланысты тіл мәселесі өте өзекті әрі маңызды. Бұл – бөлімдегі жалғыз қызметкердің немесе тіл жанашырларының ғана мәселесі емес. Сондықтан айналасындағы жағдайға бейжай қарамайтын белсенді жандардың арқасында көптеген жұмысты бірлесіп атқарып келеміз. Биылғы жылдың нәтижесі жаман емес. «Мемлекетік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқауда ұстаз Байрам Құрбанов жоғары нәтиже көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды. Сондай-ақ «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» деген конкурс бойынша облыста Талғар ауданы жеңімпаз атанды. Кіріс-шығыс құжаттарына байланысты әкімшілікте істейтін, тіл десе ішкен асын жерге қоятын жанашырлардың арқасында бұл жұмыстар да жақсы қалыптасып келеді. Осыған орай, бұл іске өздерінің лайықты үлесін қосқан белсенді азаматтарға зор алғысымды білдіремін және бәріңізді мерекемен шын жүректен құттықтап, алдағы жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін, – деді Фарида Мамырбекқызы.
Жиын кезінде мемлекетік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін дамытуға және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесі үшін бірқатар азамат аудан әкімі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің Алғыс хаты­мен марапатталып, бағалы сыйлық­тар табысталды. Олардың арасында «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы мен мүшелерінен бастап, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, этно-мәдени орталықтардың өкілдері бар.
Шара барысында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен мектеп оқушылары сахналық қойылым­дар қойып, туған жер, ел туралы патриот­тық әндер шырқалды. Әсіресе ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Бір халықтың тағдырын оның жерінен ғана іздеме. Оның тілінен ізде. Тіл – оның ойы. Тіл – оның тарихы. Тіл – оның жадында қалған ата-бабасының үні. Егер халық өз тілінен айырылса, ол бір күнде жоғалып кетпейді. Әуелі сөзінен айырылады. Сөзінен айырылған соң ойын жоғалтады. Ойын жоғалтқан соң өзінің кім екенін ұмыта бастайды. Сондықтан мен үшін тіл мәселесі – жай ғана тіл мәселесі емес. Бұл – елдің тағдыры!» деген және Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның: «Елдің болашағын ойлаған адам бүгінмен ғана өмір сүрмейді. Ол ертеңгі ұрпақты ойлайды. Біз өз заманымызда елдің ертеңін ойладық. Жердің тұтастығын, халықтың бірлігін, білім мен мәдениеттің өркендеуін армандадық. Ұлтты ұлт ететін тек қана мекендеген жері емес. Оның тарихы, салты, санасы, әдебиеті және ана тілі бар. Тілі сақталған ел – өзін жоғалтпайды. Себебі тілде халықтың ойлау жүйесі бар. Тілде оның дүниені қалай танығаны, нені қасиет тұтқаны, қандай арманмен өмір сүргені бар. Біздің ұрпаққа қалдырар азаматымыз – елдікті сақтау, бірлікті сақтау, білімді болу және ана тілін ардақтау!» деген бүгінгі және келешек ұрпаққа аманат іспетті өсиеті айтылған сахналық қойылым жиналған жұртқа қатты әсер етіп, терең ойға қалдырғанына күмән жоқ!
Түсінген жанға бұл ана тілімізді ардақтау – әрбір қазаққа аманат екенін білдіреді. Ендеше, ешқашан аманатқа қиянат жасамайық, ағайын!

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы