Перейти к содержимому

Тіл – тірегім

45 қаралым

Алатау қаласының Еңбек шағынауданындағы №7 мектепте ұлттық тіл мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Тіл – тірегім» атты мәдени шара өтті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны кеңінен насихаттауды мақсат еткен жиынға зиялы қауым өкілдері мен әкімдік қызметкерлері және ұстаздар қатысты.
Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Салтанат Беспаева жиналған көпшілікке жылы лебізін білдіріп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызына тоқталды.


– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында: «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын айқындайтын тұжырым. Қазақ тілі – халқымыздың рухани қазынасы, ұлттық болмысымыздың айнасы. Тілді құрметтеу – елді, тарихты және ұлттық құндылықтарды құрметтеу. Бүгінде цифрландыру дәуірінде қазақ тілін сақтау, бұл – оның өміршеңдігін қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар біздің ұлтымыз бен мәдениетіміздің болашағын қорғау. Қазақ тілін заманауи ақпараттық технологиялар мен интернетте қолдануды кеңейту – әрқайсымыздың міндетіміз. Мемлекеттік тіл әрбір цифрлық инновацияда орын алуы тиіс. Қазіргі жас ұрпақ қазақ тілінде еркін сөйлейтін және оны жаңа технологиялар мен мәдениетке сәйкес дамытатын болашақ иелері болуы тиіс. Біздің міндетіміз – сөйлеудің рухани, мәдени және әлеуметтік құндылығын түсіндіру, жастарға тілдің тазалығын сіңіру, цифрлық кеңістікте мемлекеттік тілді кеңінен пайдалануға ықпал ету, жастарды орыс, ағылшын және басқа да тілдерді үйренуге ынталандыру және қолдау көрсету, – деді Салтанат Дауысбекқызы.
Аталған шарада тіл саласының дамуына, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтарға Алатау қаласы әкімінің Алғыс хаты табысталды. Шара барысында сурет көрмесі мен би қойылымы ұйымдастырылып, фойеде этнофольклорлық ансамбль өнер көрсетті. Сондай-ақ қолөнер және кітап көрмелері ұсынылып, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы және Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына арналған арнайы жұмыс бөлмелері ұйымдастырылды.
«Бүгінгі мәдени шара өзіндік маңызға ие. Өйткені жаңа қабылданған Ата заңымызда мемлекеттік тілдің мәртебесі ресми бекітілген. Біздің қаламызда 60-тан астам этнос өкілдері тұрады. Олардың басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгеруге зор ынта танытып келеді. Бүгінде жергілікті әкімдік тарапынан қазақ тілін үйренуге бар жағдай жасалған», – дейді Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Абилова.
Шара соңында көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздар ана тілді ардақтауға, ел бірлігі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған әндер орындап және шығармашылық қойылымдарын паш етті.

Ерзат АСЫЛ

Алатау қаласы