Қонаев қаласында облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Workout strong» спорттық сайысы өтті. Жарысқа Алматы, Жетісу облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларынан келген спортшылар қатысты. Құрметті қонақтар атынан сөз алған Ринат Сүлейменов пен Диас Барыс сынды кәсіпкерлер қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттық бәсекенің салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөз кезегін алған облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Мақсат Кенешев өңірде 14-35 жас аралығындағы 432 664 жас бар екенін, оның 366 224-і ауылдық жерде тұратынын тілге тиек етті. Олар өңірдің қоғамдық дамуына үлес қосып, жаңа идеялар мен бастамаларды жүзеге асыруға қабілетті үлкен күш екенін, жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, белсенді өмір салтына ынталандыру – дені сау ұрпақ қалыптастырудың маңызды бағытының бірі екенін тілге тиек етті.
Аталған сайыс қатысушылардың физикалық дайындығын сынап, күш пен төзімділігін шыңдауға, спорттағы үздіктерді анықтауға бағытталған. «Workout strong» жарысының іріктеу кезеңінде қатысушыларға 20 рет белтемірде тартылып, 35 мәрте қоссырықта қолды бүгіп-жазу жаттығуларын орындау талабы қойылды. Бұл көрсеткішті ең қысқа мерзімде орындағандар жоғары нәтижеге қол жеткізді. Үздік шыққан 16 спортшы келесі кезең жолдамасына ие болды. Жартылай финалда қатысушылар бір уақытта қолымен жер тіреп тұрып, өзара бақ сынады. Ақтық сынға шыққан 4 спортшы 2 жұпқа бөлініп, өзара жарысқа түсіп, өздерінің шеберлігі мен физикалық дайындығын паш етті.
Қатысушылардың күші пен төзімділігі сыналған сайыстың қорытындысында І орынды Бақтияр Оразақын жеңіп алды. Әділ Шаймерденов ІІ орынды иеленсе, үздік үштікті Ақжол Дәулетбақ түйіндеді. Сонымен қатар Димаш Самат, Ибрагим Сайыпназар, Заңғар Қалиақбар, Мүслім Әлиев, Саят Қожамжаров ынталандыру сыйлығына ие болды.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы