Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / БАС ЖҮЛДЕ – АВТОКӨЛІК: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАМБЫЛДЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

БАС ЖҮЛДЕ – АВТОКӨЛІК: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАМБЫЛДЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЙТЫС ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

206 қаралым

Ұзынағаш ауылындағы Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай «Жыр алыбы – Жамбыл» атты халықаралық ақындар айтысы өтті. Ұлттық өнердің мәйегі саналатын айтысқа еліміздің әр өңірінен және Қырғызстаннан 12 ақын қатысып, табан астында суырып салатын өрнекті сөз бен ұшқыр ойдан сынға түсті.

Сөз аламанында Жамбыл атындағы Бас жүлдеге темір тұлпар тігілді. Жамбыл есімімен аталатын осынау дүбірлі дода – қазақтың суырыпсалма өнерін ұлықтап қана қоймай, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын бүгінгі буынға жаңғырта жеткізген тағылымды шара болды. Айтыс шымылдығын Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас пен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев ашып, мерейтойлық шараның мән-маңызына тоқталды. Олар Жамбыл мұрасын дәріптеу, ұлттық өнерді қолдау, ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіру бағытындағы игі бастамалардың маңызын атап өтті.

Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан сөз сөйлеп, көпшілікке «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың құттықтау хатын жеткізді. Сондай-ақ белгілі қазақ жазушысы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы сөз алып, Жамбылдың 180 жылдық мерейтойы аясында атқарылған рухани-мәдени шараларға тоқталып, ақын мұрасының ұлт руханиятындағы орнына кеңінен ой жүгіртті. Келесі кезекте сахна төрінде облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген үш кітаптың тұсаукесері болды. Атап айтқанда, Жамбыл Жабаев туралы естеліктер топтастырылған «Жамбыл» кітабы, жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Жыр-жолбарыс» атты жинағы және жергілікті қаламгер Исмаилжан Иминовтің «Айтыс длиною в жизнь» атты кітабы оқырман қауымға жол тартты.

Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасұлы кітапты құрастырушылар мен авторларға, сондай-ақ марқұм Жұмабай Шаштайұлының жарына арнайы сый-құрмет көрсетті. Бұл кітаптар – Жамбыл феноменін әр қырынан танытатын, ақындық өнердің табиғатын зерделейтін және айтыс тарихын кейінгі ұрпаққа аманаттайтын рухани қазына.

Ел мен елді, өнер мен өнерді тоғыстырған халықаралық айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Сахнаға кезекпен жұптаса шыққан 12 ақынның әрқайсысы өз өңірінің сөз саптау мәнерін, өзіндік қолтаңбасын танытып, Жамбыл рухына лайық жыр өрді. Қызылорданың намысын Мейірбек Сұлтанхан, Жетісуды Ұларбек Минатхан қорғаса, Ақтөбенің атынан Нұрбол Жауынбаев, Алматы облысынан Болат Ахметов пен Аяулым Жұмабек, Жамбыл облысынан Жанерке Қамбар мен Қанат Мырзахан, Астанадан Нартай Тілеуқұл, Алматы қаласынан Қазырет Бердіхан, Шымкенттен Нұрлан Есенқұлов, Шығыс Қазақстаннан Серік Қуанған сөз семсерін жарқылдатты. Ал көрші Қырғызстаннан Құтман Садуақасов арнайы ат терлетіп келді. Айтыс барысында ақындар елдік мәселелерді, ұлттық құндылықтарды, қоғамның өзекті тақырыптарын арқау етіп, Жамбылдың жыршылық дәстүрін жаңғыртты. Бірі ұтымды әзілмен көрерменді күлкіге бөлеcе, енді бірі салмақты ойымен елді толғандырды. Суырыпсалма өнердің табиғатына тән тосын теңеу, ұшқыр ұйқас, астарлы әзіл мен өткір сын сахна сәнін келтірді. Көрерменнің ықыласы да айрықша болды. Мәдениет үйінің залына халық лық толып, ішке сыймаған жұрт фойедегі үлкен экран алдына жайғасып, айтысты тамашалады. Бұл – сөз өнеріне деген ел сүйіспеншілігінің, ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі.

Жыр алыбына арналған айтыстың қорытындысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев сөз алып, аймақ басшысы Шыңғыс Әріновтің ыстық ықыласын жеткізді. «Бүгін баршамыз халқымыздың ғасырлардан жеткен төл өнері – айтыстың мәні мен мазмұны терең, тағылымы мол мәдени кешіне куә болдық. Ақындарымыз суырыпсалма өнердің биік үлгісін көрсетіп, сөз бен ойдың, тапқырлық пен шешендіктің озық үлгісін ортаға салды. Айтыс тек өнер додасы ғана емес, халықтың ойы мен сөзін жеткізетін рухани мінбер екенін тағы бір мәрте көрсетті.

– Құрметті ақындар! Сіздерге осынау айтулы шараға арнайы ат басын бұрып, өнерлеріңізді ортаға салғандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Әсіресе, еліміздің әр өңірінен келген ақындарымызға және бауырлас Қырғыз Республикасынан арнайы келген өнерпазымызға ризашылығымды білдіремін.

Қадірлі көрермен! Сіздердің қошеметтеріңіз бен қолдауларыңыз – ақынға үлкен демеу. Өнердің өміршең болуы ең алдымен оны қадірлейтін елге байланысты. Бүгінгі айтысқа көрсеткен ықыластарыңыз үшін баршаңызға рақмет! Жамбылдың ғасырдан-ғасырға жеткен жырлары халқымыздың рухани қазынасы болып қала берсін! Ұлы ақынның өнегесі кейінгі буынға жол көрсетіп, айтыс өнерінің туы биікте желбірей берсін! Бүгінгі халықаралық айтысқа қатысқан барша ақынға шығармашылық табыс, толағай жетістік тілеймін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, абыройларыңыз асқақтай берсін! Жамбылдың 180 жылдық мерейтойы құтты болсын! Айтыс өнері жасай берсін!» — деді Ғани Айдарұлы. Сөз сайысының соңында Жамбыл Жабаев атындағы Бас жүлдеге Қызылордадан келген ақын Мейірбек Сұлтанхан лайық деп танылды. Айтыс жеңімпазына облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, қазылар алқасының мүшесі, белгілі термеші Ақан Әбдуәлиев салтанатты жағдайда автокөлік сертификатын табыстады. Ал Сүйінбай Аронұлы атындағы бірінші орын мен 1,5 миллион теңге көлеміндегі жүлде Қырғызстаннан келген ақын Құтман Садуақасовқа берілді. Кенен Әзірбаев атындағы екінші орынға Қазырет Бердіхан мен Нұрбол Жауынбаев ие болып, әрқайсысына 1 миллион теңгеден табысталды. Үмбетәлі Кәрібаев атындағы үшінші орын Болат Ахметов пен Ұларбек Минатханға беріліп, ақындарға 700 мың теңгеден тапсырылды. Айтысқа қатысқан өзге ақындардың барлығына 500 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді. Халықаралық айтыста қара үзіп, темір тұлпар иеленген Мейірбек Сұлтанхан: Тәңірі ұялатқан таңдайға құт, Жағында ақындардың бардай жақұт. Айтыстың бас ақыны туған елдің төрінде Бас бәйге алған қандай бақыт! – деп жыр шумақтарымен шексіз ризашылығын жеткізіп, Жамбыл жұртшылығына шын жүректен алғыс айтты. “Туған елімнің, айтысты сүйетін қалың қауымның ақ тілеуінің арқасында мерейіміз өсіп жатыр. Сіздерге рахмет!” — деді ол. Қазылар алқасына айтыс өнерінің ақтаңгері Жүрсін Ерман төрағалық етті. Алқада Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын-жыршылар Ақан Әбдуәлиев пен Серікзат Дүйсенғазин, Қырғызстаннан келген Нұрбек Талантбеков, сарапшы Айбек Ережеп және үйлестіруші Өміржан Көпбосын болды.

Жамбылдың 180 жылдығына арналған халықаралық айтыс – ұлы ақынның өшпес мұрасын ұлықтаған, сөз өнерінің қасиетін тағы бір мәрте айшықтап, қазақ пен қырғыздың бауырластық байланысын бекемдеген рухани шара болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

↑