Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / KazRoadLab: жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылаудағы цифрлық шешім

KazRoadLab: жол-құрылыс материалдарының сапасын бақылаудағы цифрлық шешім

128 қаралым

Жол-құрылыс материалдарының сапасын тексеру, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін сақтау және бақылау жұмыстарын жүйелеу. Осы міндеттерді KazRoadLab ақпараттық жүйесі атқарады.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығында» енгізілген KazRoadLab платформасы жол инженерлері мен зертхана мамандарының жұмысын өзара байланыстырады. Жүйе сынама алынғаннан бастап, оның зертханалық талдауы аяқталып, қорытындысы әзірленгенге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Әрбір әрекет пен оған қатысты мәліметтер бірыңғай электронды базаға енгізіледі.

Жол учаскесінде инженер қажетті ақпаратты планшетке енгізеді. Ол материалдың сипаттамасын жазып, сынама алынған нүктені картада белгілеп, сол жердің фотосуреттерін қоса тіркей алады. Бұрын қағаз түрінде рәсімделетін мәліметтердің цифрлық форматта сақталуы құжат айналымын жеңілдетіп, ақпаратты іздеу мен өңдеуді оңайлатады.

Сынаманың қозғалысы да цифрлық бақылауда болады. Жүйе әр үлгіге жеке QR-код береді. Осы код арқылы сынаманың қай кезеңдерден өткенін және оған қатысты зерттеу нәтижелерін бақылауға болады. Бұл ретте зертхана қызметкерлеріне сынаманың нақты қай жолдан алынғаны, сондай-ақ тапсырыс беруші мен мердігер туралы ақпарат ашылмайды. Мұндай тәсіл зерттеу процесіне сыртқы ықпалды алдын алуға және нәтижелердің объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Зертханалық сынақтар кезінде алынған көрсеткіштерді мамандардың қолмен енгізуі міндетті емес. KazRoadLab деректерді арнайы сынақ жабдықтарынан тікелей қабылдайды. Одан кейін жүйе бекітілген әдістемелер негізінде қажетті есептеулерді жүргізіп, дайын нәтижелерді сынақ хаттамасына енгізеді. Автоматтандырылған жұмыс тәртібі мәліметтерді көшіру немесе есептеу барысында жіберілуі мүмкін қателіктердің санын азайтуға көмектеседі.Сапаны бақылаудың тағы бір маңызды бөлігі — өлшеу нәтижелерін қосымша тіркеу. Ол үшін өлшеу құралдарының көрсеткіштері камераға түсіріледі. Түсірілім материалдары зертханалық сынақтың нәтижелерімен бірге жүйеде сақталады. Егер белгілі бір көрсеткішке қатысты сұрақ туындаса, мамандар өлшеу жүргізілген сәттегі деректерді қайта қарап, нәтижені қосымша тексере алады.

KazRoadLab тек инженерлер мен зертхана мамандарына ғана арналған жүйе емес. Платформаны тапсырыс берушілер мен мердігерлер де пайдалана алады. Олар өз нысандарына қатысты зертханалық сынақтардың қорытындыларын қарап, анықталған кемшіліктер мен ескертулер туралы ақпарат алады. Қажет болған жағдайда тиісті құжаттарды жүйеге жүктеп, ескертулерге жауап бере алады. Бұл тараптар арасындағы ақпарат алмасуды бір ортада ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Ақпараттық жүйе «Жол активтері сапасының ұлттық орталығында» 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Ал 2024 жылы платформаны жетілдіру бағытында маңызды өзгеріс жасалды: жүйе жаңа технологиялық негізге көшірілді. Жаңғыртудың негізгі мақсаты — оның жұмысын жылдамдату, функционалдық мүмкіндіктерін кеңейту және пайдаланушылар үшін тиімділігін арттыру.

Осылайша, KazRoadLab жол-құрылыс материалдарын тексеру нәтижелерін тіркейтін қарапайым электронды база ғана емес. Ол сынама алу, зертханалық талдау жүргізу, нәтижелерді рәсімдеу және оларды мүдделі тараптарға ұсыну кезеңдерін өзара байланыстырады. Барлық ақпараттың бір жүйеде жинақталуы сапаны бақылауды ретке келтіруге, деректердің сақталуын қамтамасыз етуге және зертханалық жұмыстардың ашықтығын арттыруға жағдай жасайды.

↑