Перейти к содержимому

Мың кітап сыйлады

40 қаралым

Республика күніне орай еліміздің барлық аймағында «Саған кітап арнадым» акциясы басталған болатын. Аталған акция «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында ұйымдастырылып, кітап оқуды насихаттау және кітап сыйлау мәдениетін дамыту, сондай-ақ оқырманның әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

Игі бастама аясында Алматы облыстық орталық әмбебап кітап­ханасының кітап қоры 1000 дана жаңа кітаппен толықты. Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, «Steppe & World», «Marfu Press» және тағы да басқа баспалар ұлттық руханиятымызды байытып қана қоймай, кітапханаға құнды әдебиеттерді сыйға тартты. Бұл игі іс кітапханаға ғана емес, барша оқырман қауымның жаңа әдебиеттермен танысуына, дүние­танымын кеңейтіп, рухани көкжиегін байы­туға мүмкіндік берді.
Ең бастысы, кітапхана құнды­лығы ондағы кітап санымен емес, оқырманның рухани кеңістігін кеңей­тетін құнды кітап­тар­мен өлшенеді. Осы орайда Алматы облыс­тық орталық әмбебап кітап­ханасы ұжымы кітап қорын молайт­қан баспалар мен Қазақстан Жазушылар одағына ризашылығын білдірді.
Кітапхана директоры Ғалия Тоқабаеваның айтуынша, мұндай қолдау мен руханиятқа қосылған айрықша үлес – ұлттық құндылығымызды айшықтап, оқырман қауым арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын және жас ұрпақтың кемел келешегіне бағытталған рухани инвестиция.
«Кітап оқитын ұлт» республи­калық марафоны аясында зерделі ұлт қалыптастыру жолында ұйымдас­тырылған осындай игі бастамалардың тағылымы мол, маңызы зор. Ал бас­палардың кітапхана қорын жаңа кітаптармен толықтыруы – болашақ ұрпақ үшін мұра қалдыру ғана емес, сонымен бірге ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға қосылған қомақты үлес.
Кітапхана қорына сыйға тартылған кітап­тардың ішінде Дулат Исабековтің «Гауһар тас», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Мұхтар Әуезовтің «Индия очерктері», «Америка әсерлері» сынды жинақтарын айрықша атап өтуге болады. Тіпті кітапхана қорын молайтқан шығармалардың ішінде тұңғыш қазақ комиксі – Жүсіпбек Аймауытұлының «Көк өгізі» де бар.
Осылайша, «Саған кітап арнадым» акциясы арқылы баспалар мен кітапхана арасындағы байланыс бекіп, кітап сыйлау дәстүрі жаңғыра түсті.

Алтынай СЕЙІТКЕН

↑