Республика күніне орай еліміздің барлық аймағында «Саған кітап арнадым» акциясы басталған болатын. Аталған акция «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында ұйымдастырылып, кітап оқуды насихаттау және кітап сыйлау мәдениетін дамыту, сондай-ақ оқырманның әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
Игі бастама аясында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының кітап қоры 1000 дана жаңа кітаппен толықты. Қазақстан Жазушылар одағы, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, «Steppe & World», «Marfu Press» және тағы да басқа баспалар ұлттық руханиятымызды байытып қана қоймай, кітапханаға құнды әдебиеттерді сыйға тартты. Бұл игі іс кітапханаға ғана емес, барша оқырман қауымның жаңа әдебиеттермен танысуына, дүниетанымын кеңейтіп, рухани көкжиегін байытуға мүмкіндік берді.
Ең бастысы, кітапхана құндылығы ондағы кітап санымен емес, оқырманның рухани кеңістігін кеңейтетін құнды кітаптармен өлшенеді. Осы орайда Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы ұжымы кітап қорын молайтқан баспалар мен Қазақстан Жазушылар одағына ризашылығын білдірді.
Кітапхана директоры Ғалия Тоқабаеваның айтуынша, мұндай қолдау мен руханиятқа қосылған айрықша үлес – ұлттық құндылығымызды айшықтап, оқырман қауым арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын және жас ұрпақтың кемел келешегіне бағытталған рухани инвестиция.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында зерделі ұлт қалыптастыру жолында ұйымдастырылған осындай игі бастамалардың тағылымы мол, маңызы зор. Ал баспалардың кітапхана қорын жаңа кітаптармен толықтыруы – болашақ ұрпақ үшін мұра қалдыру ғана емес, сонымен бірге ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыруға қосылған қомақты үлес.
Кітапхана қорына сыйға тартылған кітаптардың ішінде Дулат Исабековтің «Гауһар тас», Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі», Мұхтар Әуезовтің «Индия очерктері», «Америка әсерлері» сынды жинақтарын айрықша атап өтуге болады. Тіпті кітапхана қорын молайтқан шығармалардың ішінде тұңғыш қазақ комиксі – Жүсіпбек Аймауытұлының «Көк өгізі» де бар.
Осылайша, «Саған кітап арнадым» акциясы арқылы баспалар мен кітапхана арасындағы байланыс бекіп, кітап сыйлау дәстүрі жаңғыра түсті.
Алтынай СЕЙІТКЕН

