Перейти к содержимому

Сезім сырлары

203 қаралым

Алматыдағы Alatau Сreative Hub кітапханасында белгілі ақын Алтыншаш Жақиянованың «Еркежирен – еркелеп өскен өлкем» атты жыр жинағының таныстырылымы өтті. Бұл кітапқа ақынның адам жүрегіне ең жақын, көңіліне ең ыстық қасиетті ұғым – туған жер туралы өлеңдері топтастырылған.

Туған жер дегенде, осыдан жарты ғасыр бұрын оңтүстіктен келін болып түскен шығыстағы Ақсуат өңіріне арналған өлеңдері де жинақталған екен. Сол өлкенің тарихын, табиғатын, адамдарын, жаңа шаңыраққа келгеннен кейінгі жылдарды жүрек сүзгісінен өткізіп, жыр жолдарына айналдырған. Кітап Семей өлкесінде алдына қара салмаған ерен жүйрік «Еркежирен» бәйге атымен аталып, «Ақсуатым – мекенімсің қимайтұғын», «Ақсуатым – жыр суатым», «Ақсуатта туған толғаулар», «Кеткендер қайтып келмейді» және «Сезім сырлары» атты бөлімдерден тұрады.
Аталған жиынға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы, «Бейбітшілік әлемі» қорының президенті, экономика ғылымдарының докторы Әбен Нұрманов, жазушы, ғалым, философия ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, ақындар Көкбөрі Мүбарак, Әмина Адайхан және №230 орта мектептің оқушылары қатысты.
Кеш дәстүрлі әншілер Сәкен Нұрпейісов пен Нұртай Дарынның орындауындағы ақынның сөзіне жазылған «Бесік жыры» әнімен басталды. Қонақтар Алтыншаштың поэзиясы туралы, шығармашылық жолы хақында сөз қозғады.
– Бұл кітапқа жиырма жасымда келін болып, ақ босағаны аттаған Ақсуатым туралы жазылған өлеңдерді топтастырдым. Қаратаудан ұшып, Тарбағатайдай дара тауға қанаты бекімеген, өмірдің бұралаң жолдарын көрмеген шағымда барған екенмін. Одан кейін Алатауға қоныс аударып, өлең өлкесіне қанат қағуым да тағдырдың маған арнаған жолы шығар?! Дегенмен Ақсуаттың табиғаты, мейірімі мол адамдары менің жүрегімде мәңгілік орын алғаны ақиқат. Бұл кітапқа ел мен жерге деген алғысым мен махаббатым жыр болып жинақталды, – деді Алтыншаш Жақиянова.
Келесі кезекте ортаға №230 мек­теп оқу­шылары шығып, ақынның өлеңдерін оқыса, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі Рауан Әбілбаев халық әндерін әуелете шырқап, жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Қуат Қайранбаев

↑