Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндап, алдағы жоспарымен бөлісті.
Құрамында 24 ауылдық округ, 61 елдімекен, 170 мыңнан астам халқы бар ауданның Алматы қаласына іргелес орналасуы өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға, кәсіпкерлікті өркендетуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі нарыққа шығаруға септігін тигізіп жатқанын айтқан Нұрлан Ертасұлы мұндай географиялық артықшылықты экономикалық нәтижеге айналдырып, игілігін әрбір тұрғынның сезінуіне жағдай жасауды мақсат тұтатынын баса айтты.
– Биылғы 8 айда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасында белгіленген негізгі көрсеткіштер орындалды. Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға жоғары болды. Бюджет кірісінің ұлғаюы ауданның экономикалық белсенділігін көрсетумен қатар, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндік береді. Аудан экономикасын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі – өнеркәсіп өндірісін ұлғайту және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру. Бүгінде өнеркәсіп саласында 91 нысан жұмыс істеп, 1500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. «Жартас», «QAZKER» ӨБ, «Тәуекел-газ Құбыры», «PLAST INVEST», «Күрті» тас өңдеу зауыты, «KAZ TEK INVEST», «Алматы QZ панель», «Босаға» және басқа да кәсіпорындар құрылыс материалдарын өндіру, өңдеу өнеркәсібі және өзге де өндірістік бағыттар арқылы өңіріміздің экономикасының дамуына үлес қосуда. «Жетісу» Алматы құс фабрикасы» ЖШС жобасы Жамбыл ауданының Ақсеңгір ауылдық округінде жүзеге асырылады. Жобаны 2030 жылы іске қосу жоспарланған. Кәсіпорынның негізгі қызметі – құс етін өңдеу. Өндіріс қуаттылығы жылына 120 мың тоннаны құрайтын, 3 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздейтін жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосады. Аудан экономикасын тек ауыл шаруашылығына тәуелді етпей, өндіріс пен кәсіпкерлік қатар дамыған өңір қалыптастыру мақсатында инвестиция тартуға ерекше мән беріп отырмыз. 8 айда негізгі капиталға 60 миллиард теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 миллиард теңгеге артық. Алдағы уақытта 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар толық іске асырылған жағдайда 10 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Жыл соңына дейін 18 жоба бойынша инвестиция тарту көзделген, – деді аудан әкімі.
Баяндамашының айтуынша, ежелден ауыл шаруашылығына бейімделген ауданда 8 айда 10 мың тоннадан астам ет, 23 мың тоннадай сүт өндірілген. Жұмыртқа өндірісі 60 миллион данаға жеткен. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 106,4 мың гектарды құраған. Біздің алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі – жер ресурстарын тиімді пайдалану. Осы мақсатта пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізілуде. Биыл 9 мың гектар жер мемлекеттік жер қорына қайтарылған.
Су үнемдеу технологияларын енгізу, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жұмыс жалғасатынын хабардар еткен әкім агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларға несие беру шеңберінде 2025 жылы Үңгіртас ауылдық округінен «Хеппи Фарм» шаруа қожалығы мемлекеттен жеңілдетілген түрде 2,5 пайызбен несие алып, 400 басқа арналған сүт тауарлы фермасының құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталғанын, 35 адам жұмысқа қабылданып, күніне 4-5 тонна сүт «ФудМастер», «Milk Day» компанияларына өткізіп жатқанын айтты. Сонымен бірге кәсіпкерлік, шағын және орта бизнес, құрылыс пен тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында және инфрақұрылым, газдандыру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау, көгалдандыру бағыттарында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істер мен толымды тірліктер жайына кеңінен тоқталды.
Нұрлан Ертас өндірісі дамыған, ауыл шаруашылығы өркендеген аудандағы шешімін күткен мәселелердің жоқ емесін жасырмады. Сөзіне сүйенер болсақ, инженерлік желілердің тозуы, жекелеген елдімекендердегі жол сапасы, газдандыруды толық аяқтау, әлеуметтік инфрақұрылымды кеңейту және халықты тұрақты жұмыспен қамту мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Сондай-ақ еліміздегі ең ірі мегаполиспен іргелес болу барлық мәселені шешпейтінін, халық санының өсуі, тұрғын үйге, жолға, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға деген сұраныстың артуы жаңа міндеттер жүктеп отырғанын алға тартты.
Баспасөз мәслихаты соңында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Нұрлан Ертасұлы бұрын аудан көлемінде мал ұрлығы бірінші орында болса, қазіргі кезде алаяқтық қылмысы оны басып озғанын айта келе, оның алдын алу бағытында қандай шаралар қолға алынғанынан хабардар етті. Сонымен қатар жастардың жұмыспен қамтылуы жөніндегі сұраққа жауап берген әкім кейінгі жылдары Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттерінің шаруа қожалықтарында тәжірибеден өтуі жолға қойылғанын, алдағы уақытта өзге де оқу орындарымен де келісімге келу жоспарда бар екенін жеткізді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
