Перейти к содержимому

Жас ақындар жырлады

151 қаралым

«Зерделі ұлт» жобасы аясында Желтораңғы ауылдық кітапханасында Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушыларының қатысуымен «Қонаев көпіріндегі жас ақындар – зерделі ұлт үні» атты мүшәйра ұйымдастырылды. Мүшәйраның негізгі мақсаты – халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегін жас ұрпаққа насихаттау, кітап оқуға қызығушылығын арттыру және оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту.

Шара үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім «Қонаевты оқитын ұрпақ» деп аталып, кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды. Оқушылар көрмеге қойылған Дінмұхамед Ахметұлы туралы кітаптармен танысып, тұлғаның өмір жолы мен қызметіне қатысты мәліметтерді ортаға салды. Екінші бөлім «Қонаевқа хат» деп аталды. Оқушылар «Егер мен Қонаевпен кездессем…» тақырыбында өз ойларын қағазға түсіріп, ұлы тұлғаға жүрекжарды жазбаларын арнады. Әр оқушы өз қиялы арқылы Қонаевпен сырласқандай әсер қалдырып, оның адамдық болмысы мен елдік қасиеттерін дәріптеді.
Мүшәйраның үшінші бөлімі «Қонаевқа арнау» деп аталып, жас ақын­­дар Дінмұхамед Ахметұлына арна­ған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас талап­керлердің жүрекжарды жырла­ры­нан ұлы тұлғаға деген құрмет пен туған елге деген сүйіспеншілік анық байқалды.
Мүшәйра соңында қатысушылардың өнері мен шығармашылық ізденісі бағаланып, Ерғали Баукен өз қатар­ларынан суырылып шығып, бас жүлдеге ие болды. Жас ақынға жеңісі үшін Алғыс хат табысталды.
Тағылымы мол шара барысында оқушылар Дінмұхамед Қонаевтың өнегелі өмірін танып қана қоймай, өз ойларын еркін жеткізіп, өлеңмен өрнектеуге мүмкіндік алды. Бұл – зерделі ұрпақтың білімге, кітапқа және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыратын тағылымды кездесу болды.

Гүлнар ЕСМАХАНҚЫЗЫ,
Желтораңғы ауылдық кітапханасының қызметкері
Балқаш ауданы

↑