Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында алғаш рет үш қызметті біріктірген «Ауыл қорғаны» бекеті ашылды

Алматы облысында алғаш рет үш қызметті біріктірген «Ауыл қорғаны» бекеті ашылды

97 қаралым

Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев ауылында еліміздегі қауіпсіздік жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Ауыл қорғаны» пилоттық жобасы іске асырылды. Алматы облысында алғаш рет жүзеге асқан бастама аясында өрт сөндіру, жедел медициналық жәрдем және полиция қызметтері бір ғимаратқа біріктірілді.8 қараша күні жаңа форматтағы бекеттің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Нысан Алматы облысы әкімінің қолдауымен, жеке инвестор қаржыландыруымен салынды. Жобаның басты ерекшелігі – төтенше жағдай кезінде тұрғындарға қажетті үш қызметтің бір орталықтан жедел көмек көрсетуі. Бұл шұғыл әрекет ету уақытын қысқартып, ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұрын аудан орталығынан көмек күтсе, енді ауылдың өзінде қызмет көрсетіледі.Айта кетейік, бүгінде Қараой ауылдық округіндегі халық саны 20 мыңға жуықтады. Тұрғындар санының артуымен бірге шұғыл қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі де өзекті бола түсті.Жаңа нысан Нұрғиса Тілендиев ауылымен қатар, жақын маңдағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.Салтанатты шара барысында өңір басшысы жаңа нысанның маңыздылығына тоқталып, оның құрылысына үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Сонымен қатар, жаңа бекеттің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Hyundai Staria жедел жәрдем көлігі мен Kia Sorento патрульдік автокөлігінің кілттері табысталды. Іс-шара соңында құрметті қонақтар бекеттің лентасын қиып, ғимараттың жұмысымен, техникалық жабдықталуымен және қызмет көрсету мүмкіндіктерімен танысты.«Ауыл қорғаны» – ауыл қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа тәсіл. Үш бірдей шұғыл қызметті бір орталыққа біріктірген пилоттық жоба төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған. Алғаш рет жүзеге асырылған бұл бастама алдағы уақытта ауылдық елді мекендерде кешенді қауіпсіздік жүйесін дамытуға үлгі болмақ.

↑