Перейти к содержимому

Балаңызды бесікке бөлеңіз

110 қаралым

Тәуелсіздік алғалы бері халықтың қаперінен шығып бара жатқан асыл қазынамыздың қайнар көзі – ұлттық құндылықтарымыз қайта жаңғыра бастады. Соның тағы бір жарқын көрінісі – Әйтей ауылындағы Бектенбай Қосынов атындағы орта мектепте өткен сәбиді бесікке бөлеу шарасы. Осынау ауыз толтырып айтарлық, жас ұрпаққа тәлімді тәрбие берерлік маңызы зор кешті ұйымдастыруға мұрындық болып, белсене атсалысқан – Әйтей ауылдық округінің әкімі Жарқын Қатубаев, ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Амангелді Шәріпқұлов, «Асыл ана» ұйымының төрағасы Әлия Сатыбалды мен мектеп директоры Айман Төлепбергенова.

Ұрпақ сабақтастығымен ұштастырыла жүргізілген осы бір игілікті істе қатысушылардың басым көпшілігі ұлттық киімдерін киіп, салтанатты жағдайдың ажарын айқындап, аша түскендей әсер қалдырады. Сондай-ақ ауылдан шыққан қолөнер шеберлерінің алуан түрлі жәдігері көңіл қуантты. Әуелеген әсем ән мен тәтті күй де жан жадыратты. Бәрінен де ауыл ақсақалы Серғазы Қырғызовтың игілікті іс-шараның беташарына жасаған ақ батасы елді елең еткізбей қоймады. Жоспарланған бағдарламаға сәйкес, «Бесікке бөлеу – ұлттық тәрбие бастауы» атты мерекелік-танымдық кеш өзіндік өріс тапты. Бұл шара ғұлама жазушы Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең – бесігіңді түзе!» деген аталы сөзімен астарласып жатқаны айтпаса да түсінікті. Бесікке бөлеудің жөн-жоралғысы көненің көзінен келе жатқан өзіндік мән-мағынасымен бастау алды. Ақ кимешек киген аналар тобы мен соңынан ерген ізбасарлары, мұрагерлер қаумалап, бар ынта-ықыластарымен игі шараны тамашалауға ден қойды. Ауыл әжесі атанған ардақты ана Бақытгүл Қуантаева екі дәуір тоғысына сай бесікке бөлеу рәсімін бастады.
Киіз үйдің ішіндегі салтанатты сәттің мәні мен сәніне ешкім де немқұрайлы қарай алмады. Өйткені өмірден бейхабар жас нәрестені бесікке бөлеу шарасына кім болса да, қызыға қарады. Олардың көкірекке түйгендері мен көңіліне тоқығандары көп болды. Бұған, әсіресе, жас аналар жағы айрықша қарағаны анық көрінді. Сәбиді бесікке бөлеген ақ әже алдында тұрған жас аналарға игі істің қадір-қасиетін ұсақ-түйегіне дейін қағыс қалдырмай, басынан аяғына дейін байыппен баяндап берді. Әрине, бұл жағынан жас аналармен қатар отырған адамдар да жан-жақтан сұрақтарын қойып жатты. Оларға орнымен орынды жауап қайтарылды.
Бесікке бөлеу рәсімінен кейінгі бесік жыры да бірауыздан көпшілік тарапынан қызу қолдау тапты. Осы жерде бұрынғылар айтып кеткен «Бесік жырын айтатын келін азайса, ел қорғайтын ер азаяды» деген даналық қағидалары ойға орала береді. Сондықтан бесікке бөлеу дәстүрін жандандыру үшін халық болып бұл істі қолға алған абзал. Осынау өзекті мәселені мектеп мұғалімі Тазагүл Хасенова жанды деректер мен дәйектер арқылы жан-жақты баяндады. Бұған көрермен қауымның арнайы жасалған сахналық көріністер арқылы толық көзі жетті.
Аталған іс-шараның айтарлықтай ізденіспен қолға алынғаны жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Бұл жөнінде Қарасай аудандық «Асыл ана» ұйымының төрағасы Ұлтай Бархинова, Жандосов ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Алмахан Қағазбеков, Райымбек ауылдық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Қыдырбай Әбдіразақ, тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Олардың іс-шараға деген айтар алғысы көп болды. Игі шара халықтың көңілінен шықты.

Қанат ТӘКЕБАЕВ
Әйтей ауылы,
Қарасай ауданы

↑