Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі

Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі

28 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында ел дамуының басым бағыттарымен қатар, білім беру саласындағы өзекті мәселелерге де ерекше назар аударылды.

Әсіресе ұстаздардың мәртебесін қорғау, мұғалімдерді артық жүктемеден босату, білім сапасын арттыру және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға қолайлы жағдай жасау мәселелері білім саласының қызметкерлері үшін маңызды міндеттерді айқындайды.

Осы орайда Алатау қаласы Заречный ықшамауданындағы №1 орта мектептің мектепке дейінгі шағын орталығы бар КММ директоры Жарқынбек Әбдімәліков Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді.

Мектеп директорының айтуынша, Жолдаудағы білім саласына қатысты бастамалар ұстаздардың қоғамдағы рөлін арттырып, білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.

«Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек»,– деп нақты айтты.

Шын мәнінде, бұл – бүгінгі білім саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені мұғалімнің басты жұмысы – есеп толтыру емес, шәкірт тәрбиелеу. Қазіргі таңда ұстаздарымыз түрлі цифрлық платформалармен жұмыс істеп, күнделікті есеп беруге де уақыт жұмсайды. Мұндай жұмыстардың мұғалімнің негізгі міндетіне кедергі келтірмеуі маңызды», – дейді Жарқынбек Кемелбекұлы.

Сонымен қатар мектеп директоры Президенттің ұстаздардың абырой-беделін қорғау жөніндегі ұстанымын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, мектеп – тек білім беретін мекеме ғана емес, жас ұрпақтың адамгершілік қасиеттері мен азаматтық ұстанымы қалыптасатын тәрбие ордасы. Сондықтан мұғалімге құрмет көрсету, мектептегі тәртіпті сақтау – білім беру ұйымдарының ғана емес, ата-аналар мен бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Жолдауда инклюзивті білім беру мәселесіне де айрықша мән берілген. Мемлекет басшысы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар екенін атап өтіп, олардың сапалы білім алуына қажетті жағдай жасауды және маман тапшылығын азайтуды тапсырды.

«Әрбір бала, қай жерде тұрса да, сапалы білім алуға және өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуы тиіс. Инклюзивті білім беру – тек ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау емес, әр баланың жеке мүмкіндігі мен қабілетін ескеріп, оның қоғамда өз орнын табуына көмектесу», – деп санайды мектеп директоры.

Бүгінде білім беру саласына қойылатын талап та, мұғалімге артылатын жауапкершілік те жоғары. Заман талабына сай цифрлық технологияларды меңгеру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту – қазіргі білім беру үдерісінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Дегенмен технология қаншалықты дамығанымен, баланың жүрегіне жол тауып, оны білімге жетелейтін басты тұлға – ұстаз болып қала бермек.

Мектеп басшысы ретінде Жарқынбек Әбдімәліков Жолдауда көтерілген бастамалардың білім беру жүйесін жетілдіруге серпін беретініне сенім білдіреді. Оның айтуынша, білім сапасын тек көрсеткіштермен бағаламай, әр баланың жетістігіне, тәрбиесіне және болашағына жауапкершілікпен қарау қажет.

Себебі бүгін мектеп партасында отырған шәкірт – ертең ел дамуына үлес қосатын азамат. Президент атап өткендей, қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда. Ендеше, білімді ұрпақ тәрбиелеп, ел болашағын қалыптастыру жолында ұстаз еңбегіне құрмет көрсетіліп, сапалы білім алуға барлық жағдай жасалуы аса маңызды.

Жарқынбек ӘБДІМӘЛІКОВ,
Заречный ықшамауданындағы №1 орта мектептің

мектепке дейінгі шағын орталығы бар КММ директоры

Алатау қаласы

↑