Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ел бірлігі мен ұрпақ болашағы – басты құндылығымыз

Ел бірлігі мен ұрпақ болашағы – басты құндылығымыз

126 қаралым

Мемлекет басшысының 2026 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын мұқият тыңдап, еліміздің алдағы даму бағыттарына қатысты айтылған бастамаларды қолдаймын. Президент көтерген мәселелердің ішінде ел бірлігі, қоғамдық келісім, заң мен тәртіпті сақтау және жас ұрпаққа сапалы өмір сүру жағдайын жасау бағыттары мен үшін ерекше маңызды.


Біздің Еңбекшіқазақ ауданы – түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан, ынтымағы жарасқан өңір. Осындай берекелі қоғамның қалыптасуы – аға буынның да, кейінгі ұрпақтың да ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан Президенттің қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігін арттыруға басымдық беруі өте орынды деп санаймын.
Жолдауда ауыл-аймақтарды дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға, жолдар мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе, шалғай елдімекендердегі мектеп, медициналық мекеме, мәдениет ошақтары мен жолдардың жағдайын жақсарту – халық үшін аса маңызды мәселе.
Біз жастарға тек ақыл айтып қана қоймай, өз ісімізбен үлгі көрсетуіміз керек. Жастарды отансүйгіштікке, үлкенді сыйлауға, адал еңбек етуге және туған жерін құрметтеуге тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз.
Менің ойымша, елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Ол – қоғамдағы татулықпен, адамдардың бір-біріне деген құрметімен, ұрпақтар сабақтастығымен де бағаланады. Сондықтан Жолдауда айтылған бастамалар нақты іске асып, әрбір отбасының, әрбір ауылдың игілігіне айналса екен деймін. Еліміздің болашағы баянды, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Совет СМАДЫЛОВ,
Еңбекшіқазақ аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі

↑