Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасын дамытудың басты бағыты

Кәсіпкерлікті қолдау – ел экономикасын дамытудың басты бағыты

95 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасын дамыту, отандық кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Президенттің кәсіпкерлік саласына қатысты көтерген бастамалары елдегі экономикалық реформалардың жаңа кезеңге қадам басқанын аңғартады. Әсіресе, кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау, салық жүйесіндегі кемшіліктерді түзету, әкімшілік кедергілерді азайту және әділ бәсекелестік ортасын қалыптастыру жөніндегі ұстанымдары маңызды.
Шын мәнінде, кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші ғана емес, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықтың, халықты жұмыспен қамтудың және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Жолдауда Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткенін атап өтті. Бұл көрсеткіш кәсіпкерлік саласының ел экономикасындағы орны айтарлықтай нығайғанын білдіреді. Дегенмен кәсіпкерліктің дамуын тек сандық көрсеткіштермен бағалау жеткіліксіз. Оның сапалық тұрғыдан өсуі, өндіріс көлемінің артуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және отандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуы әлдеқайда маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Президенттің шағын бизнес құрылымын әртараптандыру, орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпорындарды ұзақмерзімді қаржыландыру және технологиялық жаңғырту жөніндегі ұсыныстары ерекше мәнге ие.
Президенттің микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қатысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынуы да назар аударарлық бастама болды. Бұл ұсыныстың түпкі мәні – кәсіпкерлікті негізсіз әкімшілік қысымнан қорғау, бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру және цифрлық реттеу тетіктеріне көшу.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы экономикалық құқықбұзушылықтарға қатысты заңнаманы ізгілендіру қажеттігін көтерді. Кәсіпкердің құқықтық қорғалуы мен заң алдындағы жауапкершілігі арасындағы әділ тепе-теңдікті сақтау экономикалық ортаның тұрақтылығына ықпал етеді. Жолдауда әділ бәсекелестік мәселесінің де арнайы айтылуы орынды. Нарықтағы барлық кәсіпкерге тең мүмкіндік берілмейінше, шынайы экономикалық өсімге қол жеткізу қиын. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерінің мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, олардың ірі кәсіпорындармен әріптестігін дамыту және отандық өнім өндірушілерді қолдау маңызды. Бүгінгі кәсіпкерге тек қаржылай қолдау ғана емес, өз өнімін өткізу нарығы, заманауи технология, қолжетімді инфрақұрылым және тұрақты құқықтық орта қажет.
Отандық кәсіпкерлікті қолдау – жекелеген бизнес өкілдеріне жасалатын жеңілдік емес, елдің экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық міндет.


Нұрболат СЕРҒАЛИ,
Еңбекшіқазақ аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы

↑