Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ – БІЛІМДІ ҰЛТ

КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ – БІЛІМДІ ҰЛТ

119 қаралым

Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыратын, рухани байлығын арттыратын маңызды құндылықтардың бірі. Кітаппен дос болған адам ешқашан білімнен кенде болмайды. Өйткені кітап – ақылдың кені, білімнің бұлағы, тәрбие мен тағылымның қайнар көзі.
Бүгінгі жаһандану дәуірінде ақпарат ағыны күн санап артып келеді. Әлеуметтік желілер мен заманауи технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен электронды ақпарат қаншалықты қолжетімді болса да, кітаптың адам өміріндегі орны ерекше. Кітап оқу адамды терең ойлауға, ізденуге, сауатты сөйлеуге және ойын еркін жеткізуге үйретеді.
Ел болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ал білімді ұрпақ қалыптастырудың негізгі жолдарының бірі – балалар мен жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Балаға кішкентай кезінен кітап оқуды үйрету, көркем әдебиетке баулу – ата-ана мен ұстаздың ғана емес, кітапханашылардың да ортақ міндеті.
Осы орайда «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңызы зор. Жобаның басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман санын арттыру, ұлттық әдебиет пен рухани мұраны кеңінен насихаттау. Бұл бағытта кітапханаларда түрлі әдеби кештер, кітап көрмелері, оқырмандар конференциялары, пікір алмасу кездесулері, әдеби сағаттар мен танымдық шаралар ұйымдастырылуда.
Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол – білім мен мәдениеттің, руханият пен тәрбиенің ордасы. Кітапханашының басты міндеті – оқырманды кітап әлеміне жетелеу, әр адамның жүрегіне рухани азық сыйлайтын шығарманы ұсына білу. Әсіресе жас оқырмандардың кітапқа деген сүйіспеншілігін оятып, олардың тұрақты оқырман болып қалыптасуына ықпал ету маңызды.
Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбайұлы, Төлен Әбдік сынды қаламгерлердің шығармалары – ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алатын рухани мұра. Олардың туындылары арқылы оқырман туған елін сүюге, адамгершілікке, ізгілікке, адалдық пен парасаттылыққа тәрбиеленеді.
«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы Абай айтқандай, кітап оқуға жұмсалған уақыт ешқашан зая кетпейді. Күнделікті аз да болса кітап оқуды әдетке айналдырған адам рухани тұрғыдан байып, өмірге деген көзқарасын өзгертеді.
Кітап оқитын ұлт болу – бір күндік науқан емес, барша қоғамның ортақ мақсаты. Ол үшін әрбір отбасында кітап оқу дәстүрі қалыптасып, мектеп пен кітапхана осы игі бастаманы қолдауы қажет.
Кітап оқитын ұлт – саналы ұрпақтың, парасатты қоғамның және кемел келешектің кепілі. Ендеше, кітапты серік етіп, білімге ұмтылып, рухани бай ұлт қалыптастыруға атсалысайық!
Кітап оқиық, ойымызды байытайық, ұлт болашағына үлес қосайық!


Әсел САҒЫНАЕВА,
Тоғызбұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы
Кеген ауданы

↑