Перейти к содержимому

Өрендердің ой додасы

41 қаралым

Райымбек аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Менің елім – менің мақтанышым» атты мектеп оқушылары арасында зияткерлік сайыс өтті.

Жас ұрпақтың Отан мен туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, елжандылық пен азаматтық жауапкершілік сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған зияткерлік сайысқа 8-9 сынып оқушылары қатысты.
Алты кезеңнен тұратын ой додасының әрқайсысы еліміздің тарихына, мемлекеттік рәміздеріне, ұлттық құндылықтар жайлы сұрақтарға негізделді. Сайдың тасындай іріктелген үздік оқушылар сайыстың көркін қыздырды. «Бірлік», «Ұшқыр ой», «Ойқазық» командалары тек білімдерін ғана емес, ой ұшқырлығы мен өзара бірлігін де таныта білді. Оқушылар сұрақтарға жауап беру барысында бірауыздан шешім қабылдауға дағдыланып, өз ойларын нақты әрі толық жеткізуге бейімделді.
Орталық жетекшісі Ақерке Әбдірахман мұндай шаралардың жиі әрі тұрақты өткізіліп тұруы – аудан жастарының ой-өрісін дамыту жолындағы маңызды қадам екенін ерекше атап өтті. Аталған үш топтың жетекшілері де шәкірттеріне қолдау білдіріп, қорытынды бөлімде сайысқа қатысты пікірлерін айтып, ұсыныстарымен бөлісті.
Зияткерлік жарысты ұйымдастырушылар қатысушылар арасында арнайы сергіту сәтін ұйымдастырып, оқушылардың қиял-армандарына ерік беріп, Қазақстанды әлемдік аренада таныту үшін арнайы үш қажеттілікті атауды тапсырды. Оқушылардың басым бөлігі туризм саласы мен ұлттық құндылықтарды, табиғат байлығын тілге тиек етіп, жас ұрпақтан күтілер үміттің зор екендігіне тағы бір көзімізді жеткізді.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑